Банк пен қаржы

Зейнетақы жинақтарын басқарушы компаниялардың табысы Ұлттық банктен асып түсті

Қаңтар -шілдеде Ұлттық банк басқаратын зейнетақы активтерінің кірістілігі 7,51%-ды құрады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2024 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша жеке зейнетақы жинақтарын басқарушы компаниялардың кірістілігі Ұлттық банк көрсеткішінен асып түсті. Көшбасшылар Jusan Invest және«Сентрас Секьюритиз». Олар сәйкесінше 11,74% және 11,49% кірістілік көрсетті. Бұл ретте Ұлттық банктің кірістілігі 10,34%-ды құрады.

Бірыңғай зейнетақы қорының мәліметі бойынша, 2024 жылдың алғашқы сегіз айында басқа басқарушы компаниялар Ұлттық банкке қарағанда төмен табыстылық көрсетті. Halyk Finance – 10,14%, Halyk Global Markets – 9,63% және BCC Invest – 9,34%. Осы кезеңде инфляция деңгейі 5,3%-ға жеткенін айта кеткен жөн.

2040 жылғы қаңтар-шілдеде қазақстандықтардың Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің таза инвестициялық кірісі 1,38 трлн теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 81,4% артық.

Осылайша жеті айда Ұлттық банк басқаратын зейнетақы активтерінің кірістілігі 7,51%-ды құрады.

2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы активтері 20,7 трлн теңгені құрады. Бұл ретте BCC Invest басқаруындағы активтері 5 млрд теңгеге, Halyk Global Markets – 4,3 млрд, Jusan Invest – 9,6 млрд, Centras Securities – 1,5 млрд және Halyk Finance – 37 млрд теңгеге тең.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап БЖЗҚ салымшылары зейнетақы жинақтарының 50%-ын жеке инвестициялық компанияларға бере алады.

Ал 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнеткерлер тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге зейнетақы жинақтарының барлық сомасын пайдалана алады.