Жаңалықтар

Кредиторлық берешекке байланысты енді жедел жәрдем бригадалары кейбір шақыртуларға тәулік бойы бармауы мүмкін

Бригады скорой помощи больше не будут круглосуточно выезжать на вызовы без угрозы жизни из-за долгов
Министрлік төртінші санаттағы шақыртулар үшін тәулік бойы жұмыс істейтін бригадаларды ұстау тиімсіз екенін алға тартады / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Денис Андреев 

Енді жедел жәрдем бригадалары науқастардан түскен шақыртуларға баруды азайтады. Нақтырақ айтқанда, төртінші санаттағы шақыртуларға тәулік бойы қызмет көрсетуді тоқтатуы мүмкін. Бұл санатқа науқастың өміріне аса қауіп төндірмейтін аурулар жатады. Аталмыш ақпарат Денсаулық сақтау миинстрлігі ұсынған қаулы жобасында айтылған.

«Ашық НҚА» порталында жарияланған жобаға сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі төртінші санаттағы шақыртуларға тәулік бойы қызмет көрсетуді шектеуді көздеп отыр. Мұндай санатқа созылмалы аурудың асқынуынан туындаған, науқастың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірмейтін жағдайлар жатады. Министрліктің осындай шешімге келуінің бір себебі қазіргі тариф жедел жәрдем шығындарын толық жаппайды. Сол себепті тәулік бойы жұмыс істейтін биргадаларды ұстау тиімсіз екенін түсіндіреді. Осының нәтижесінде кредиторлық берешек пайда болады делінген құжат түсіндірмесінде.

«ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес МСАК жұмыс уақытында ғана МСАК ұйымына 4 санаттағы шұғыл шақыруларды беру көзделген. Сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін шақыруларға қызмет көрсетуді (жеделдіктің 4 санаты) МСАК ұйымдарының мобильдік бригадалары жүзеге асыратын болады»,- делінген құжатта.

Сондай-ақ жедел жәрдемнің шақыртуға бару уақытына да өзгеріс енгізу көзделген. Мобильді бригадалардың шақыртуларға келуі уақыты екі есеге, яғни 1 сағаттан 120 минутқа дейін ұзарады. Енді мамандар қоңырау түскен сәттен бастап 120 минут ішінде науқасқа баруға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі мұны медициналық мекемеге тіркелген пациенттердің үйге көп шақыртуға өтініш беретінімен түсіндіреді.

Қаулы жобасы 8 қазанға дейін ашық талқылауда болады.

Айта кетейік, биыл 1 маусымнан Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызмет тарифін кезең-кезеңімен көтеруде. Басымдық балалар мен перзентханаларға беріледі.  Осы мақсатта 20 млрд теңге бөлінген. Негізінен жүкті және босанған әйелдерге, сондай-ақ стационарлық жағдайда балаларға шұғыл медициналық көмек көрсететін ұйым қызметінің тарифі көтеріледі. Тарифтердің көтерілуі медициналық ұйымдарға соңғы жылдары жиналған қарызын өтеуге мүмкіндік бермек.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, биыл қаңтардың соңында 423 медициналық ұйымның кредиторлық берешегінің жалпы сомасы 82,3 млрд теңгені құраған. Жалпы соңғы жылда ауруханалардың контрагенттер алдындағы қарызы 3,8 %-ға өсіп кеткен. Алайда әр өңірдегі ахуал әртүрлі. Мысалы, Астанада медициналық мекемелердің қарызы 18,3 млрд теңгеге (+38,9 %) жетсе, Алматыда – 5,7 млрд теңге (+7,3 %), Шығыс Қазақстан облысында – 4,9 млрд теңге (+25,9 %) болып тұр.