Жаңалықтар

Алматылықтар ауаның ластануына алаңдаулы: зерттеу нәтижесі денсаулыққа зиян тұстарын көрсетті

Алматыда ауа сапасы нашарлады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы қаласының тұрғындары арасында ауа сапасы туралы сауалнама жүргізген Almaty Air Initiative қоры зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Нәтиже көрсеткендей, тұрғындардың басым бөлігі ауаның ластану мәселесіне алаңдаулы. Тұрғындардың жартысынан астамы (57%) кейінгі 2-3 жылда ауаның сапасы нашарлап кеткенін айтса, респонденттердің 40%-ы өз аудандарындағы ауаны нашар немесе өте нашар деп бағалаған.

Ауаның ластануы тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай әсер етіп жатыр. Қаланың тұрғындары мынадай мәселелерге шағымданған:

  • Бас ауруы және шаршау (41%)
  • Тыныс алу проблемалары (35%)
  • Аллергия (34%)

Тұрғындардың 66%-ы ауа ластануы балаларға қауіпті екенін, ал 45%-ы ересектерге зиян екенін алға тартқан. Дегенмен зерттеу нәтижесінде тұрғындардың көпшілігі ауаның сапасын қалай тексеруге болатынын білмейтіндігі анықталды: респонденттердің 74%-ы бұл туралы хабарсыз екен. Көпшілігі (40%) ауаның сапасын жеке сезімдеріне сүйеніп бағаласа, 25%-ы әлеуметтік желілерден ақпарат алады екен.

Ауаның қатты ластанған күндерінде қандай сақтық шараларын қолданатыны туралы сұраққа 32% респондент ешқандай шара қолданбайтынын айтқан. 20%-ы ауа тазартқыштарды, ал 18%-ы маскаларды қолданатын көрінеді. Әрбір үшінші адам ондай күндері далада көп уақыт өткізуден аулақ болады.

Сауалнамаға қатысушылардың 58%-ы автокөліктердің шығарындыларын азайту ауаның сапасын едәуір жақсарта алатынына сенімді.

Зерттеу 31 шілде мен 19 тамыз аралығында Алматының барлық ауданында 18 жастан асқан 1000 адам арасында жүргізілген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласында көліктерден шығатын зиянды қалдықтарды онлайн бақылайтын арнайы құрылғылар қойылған еді.

Жобаның мақсаты – Алматыда көліктерден шығатын зиянды қалдықтар деңгейін анықтау және қалалық автокөліктердің экологиялық талаптарды сақтауын бағалау.