Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі 3 ай қатарынан төмендеп келеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
На сколько подешевели продукты и услуги в сентябре
Қазақстандағы инфляция деңгейі белгілі болды / Коллаж: kursiv.media, бильд редактор Аружан Махсотова

Қыркүйек айында Қазақстандағы жылдық инфляция 0,1 пайыздық тармаққа төмендеп, 8,3%-ға дейін баяулады. Ұлттық статистика бюросының соңғы деректерінде айлық көрсеткіш 0,4%-ды құрағаны жазылған.

Елімізде жылдық инфляция үш ай қатарынан төмендегені байқалады. Шілдеде жылдық инфляция 8,6%-ды құраса, тамыздағы көрсеткіш – 8,4%-ды, қыркүйекте – 8,3%-ға дейін баяулады.

Бір жыл ішінде қызметтер бағасы өзгермеген. Оның мәні қазір 13,6%-ға тең. Азық-түлік емес тауарлардың бағасы жылдық мәнде 0,1 пайыздық тармаққа, 7,6%-ға дейін төмендеді. Ал азық-түлік тауарлары 0,4 пайыздық тармаққа арзандап, 5,1%-ды құрады.

Дегенмен, Қазақстанның 11 өңіріндегі инфляция республикалық деңгейден асып тұр. Ел бойынша Астанада инфляция деңгейі ең жоғары. Бұл қаладағы көрсеткіш – 10,3 пайыз. Бас қаладан кейін Маңғыстау облысы мен Шығыс Қазақстан облысы келеді. Бұл облыстардағы инфляция сәйкесінше 9,8 және 9,2 пайызды құраған.

2023 жылдың тамыз айымен салыстырғанда орталықтандырылған жылыту тарифі– 33%-ға, қоқыс шығару ақысы – 18,1%-ға өсті. Кәріз жүйесінің қызметі 24% қымбаттаса, электр қуатына төлейтін ақы 23,7 пайзы өскен. Суық су – 29,4%, ыстық су бағасы 17,4% қымбаттаған.

Жалға берілетін тұрғын үйдің құны бір жылда 12,3%-ға өсті. Байланыс бағасы 15%-ға, денсаулық сақтау және жерлеу қызметтері 11,6%-ға, қоғамдық тамақтандыру ақысы 9,3%-ға өсті.

Жақында Еуразиялық экономикалық комиссия 2024 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы Қазақстандағы инфляция ЕАЭО елдері арасында ең жоғары болғанын мәлімдеген.

Ұлттық банк жариялаған инфляциялық болжамға сәйкес, 2024 және 2026 жылдары инфляция тиісінше 8% және 6% деңгейінде қалыптасуы ықтимал. 2025 жылға арналған болжам 6,8%-дан 6,9%-ға дейін аздап нашарлады.

Сондай-ақ оқыңыз