Трамп Иранға жеңілдік берді ме: жаңа келісім АҚШ-та сынға қалды

Жарияланды 18 Маусым 2026 10:22

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Дональд Трамп сәрсенбі күнгі баспасөз мәслихатында Иранмен жасалған келісімді қорғап сөйледі / фото: Julia Demaree Nikhinson

Axios мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күнгі баспасөз мәслихатында Иранмен жасалған келісімді қорғап сөйледі. Оның айтуынша, құжат соғысты тоқтатып, Ормұз бұғазын қайта ашуға және әлемдік энергия нарығын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Алайда ядролық келіссөздер нәтиже бермесе, АҚШ Иранға қайта соққы жасауы мүмкін екенін де ескертті.

Бұған дейін Трамп Ираннан ядролық бағдарламасын толық тоқтатуды, уран байытудан бас тартуды, баллистикалық зымырандар мен аймақтағы қарулы топтарға қолдауды доғаруды талап еткен. Бірақ жарияланған меморандум бұл талаптардан әлдеқайда жұмсақ болып шықты. Құжат бойынша Иран мұнай сатуға мүмкіндік беретін санкциялық жеңілдіктер алады, Ормұз бұғазы ашылады, ал АҚШ теңіз блокадасын алып тастайды.

Тараптар ядролық келісім бойынша 60 күн ішінде келіссөз жүргізуге уағдаласты. Егер Иран ядролық бағдарламасын шектеуге келіссе, санкциялар толық алынуы, бұғатталған қаражат қайтарылуы және инвестиция тартуға жол ашылуы мүмкін. Бірақ Трамп түпкілікті келісім жасалмауы да ықтимал екенін мойындады.

Ең қызығы келісім АҚШ-та сынға ұшырады. Консерваторлық бағытты ұстанатын саясаткерлер оны Иранға тым көп жеңілдік беру деп бағалап отыр. Құжатта Иранның баллистикалық зымырандары мен аймақтағы қарулы топтарға қолдауы туралы нақты талаптар жоқ. Сонымен қатар келіссөздер жүріп жатқан кезде Тегеран мұнай экспортын жалғастыра алады.

Жұма күні Швейцарияда АҚШ пен Иран делегациялары кездеседі. Бұл кездесу ядролық келіссөздердің әрі қарай қалай өрбитінін анықтауы мүмкін. АҚШ шенеуніктері Иранның келісімді орындауға қаншалықты дайын екенін алдағы күндер немесе апталар ішінде түсінетінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз