Банк пен қаржы

ForteBank жоспарында Bank RBK мен Еуразиялық банкті сатып алу қарастырылмаған

ForteBank Bank RBK мен Еуразиялық банкті сатып алмайтынын мәлімдеді/ фото: kursiv.media

ForteBank әлеуметтік желілерде Bank RBK мен Еуразиялық банкті сатып алатыны жайлы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

«Кейбір Telegram арналарда тараған «ForteBank» АҚ-ның «RBK» АҚ және «Еуразиялық банк» АҚ сатып алу жоспарлары, сондай-ақ аталған банктер бойынша due diligence рәсімінің басталуы туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдейміз», – деп жауап берді ForteBank «Курсив» сауалына.

Бұған дейін ресейлік «Банкста» telegram-арнасы өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, ForteBank-тің Bank RBK-ны және Еуразиялық банкті сатып алуды қарастырып жатқаны туралы жазған. Мәмілелер аяқталғаннан кейін аталған банк Halyk Bank және Kaspi Bank қатарында үздік үштікке енуі мүмкін екені айтылған.

Bank RBK да ForteBank-пен ешқандай келісім болмағанын айтып, желідегі ақпаратты терістеді.

«Қазіргі уақытта банк пен оның акционері қаржы институтымен, оның ішінде ForteBank-пен акцияларды сату туралы келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Bank RBK Қазақстандағы ең қаржылық тұрақты және серпінді дамып келе жатқан екінші деңгейлі банктердің бірі болып табылады және елдің қаржы нарығындағы позициясын нығайтуға бағытталған даму стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асыруда», – деп мәлімдеді аталған банк.

2024 жылғы қаңтар-шілдеде Болат Өтемұратовқа тиесілі ForteBank-тің пайдасы 30%-ға артты. Алты айда қаржы ұйымы 74,7 млрд теңге табыс тапты. Былтыр осы кезеңде көрсеткіш 57,3 млрд теңге еді.