Lifestyle

Қазақ спортындағы ең сұлу боксшы қыздардың бестігі

Бокстағы ең сұлу арулар / Фото: Instagram/kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қоғамда «бокс көбіне ерлерге арналған спорт» деген пікір қалыптасқанына қарамастан, мұны жоққа шығарып, жетістіктерге жетіп жүрген бұрымдылар баршылық. Kursiv Lifestyle кәсіпқой бокспен айналысатын және спорттың осы түрінен биік белестерді бағындырған ең сұлу қыздар туралы жазды.

Назым Қызайбай – Қазақстанның 13 дүркін, Әлемнің 2 дүркін ( Чеджу 2014 жыл , Астана 2016 жыл), Азия ойындарының чемпионы (Дубай 2021 жыл). 2024 жылы Парижде өткен олимпиада ойындарында асқан шеберлік көрсетіп, қола жүлдесін жеңіп алды. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері (2016). Боксшы 1993 жылы 14 қыркүйекте Алматы облысы, Жетіген ауылында дүниеге келген. Отбасында үшінші бала.

Фото: Instagram/kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алуа Балқыбекова – Әлем чемпионатының қола және күміс жүлдегері, 2 дүркін Азия чемпионы. Сербияның Сомбор қаласында өткен «Ұлттар кубогі» турнирінде чемпион атанған. Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі. 1996 жылы 24 қарашада Жамбыл облысында дүниеге келген. Бала күнінен бокспен айналысып келеді. 2015 жылы бас команданың қосалқы құрамына қабылданып, 2017 жылы ел чемпионы атанды.

Фото: Instagram/kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Фируза Шарипова – 2-ші жеңіл салмақта (IBO, 2017–2019), жеңіл салмақта (IBA, 2017–2021; WBU, 2017–қазірге) және 1-ші жартылай орта салмақ (IBA, 2020–қазіргі) категориялары бойынша Әлем чемпионы. WBA рейтингінде алдыңғы қатарда тұрған спортшы. Азия чемпионатының қола жүлдегері (2012). Қазақстан чемпионаттарында екі алтын (2012, 2013), бір күміс (2014) және бір қола (2016) жеңіп алған. 1994 жылы 29 тамызда Тараз қаласында дүниеге келген. Ол отбасындағы екінші (ағасы бар). Бала кезінде велоспортпен және су добымен айналысқан. Боксқа 12 жасында келген.

Фото: Instagram/kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Элина Базарова – 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. 3 дүркін Қазақстан чемпионы (2019 жыл, 2020 жыл, 2022 жыл). 2019 жылы Азия ойындарының қола, 2024 жылы күміс жүлдегері. 2022 жылы Испанияда өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Осыдан кейін сұлу спортшы әлеуметтік желіде танымал бола бастады.

Фото: Instagram/kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Балауса Мұздиман – кәсіпқой боксшы. 55 келіге дейінгі жеңіл салмақта ел намысын қорғап жүрген спортшылардың бірі. WBA Asia нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. 1997 жылы 29 қазанда Алматы облысы, Іле ауданы, Ақши ауылында дүниеге келген. Бокспен 13 жасынан бастап айналып келеді. 14 жасында жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанды. Тағы жылға жуық уақыт өткен соң жастар арасындағы Әлем чемпионатында алтын медаль алды. Ересектер арасындағы республикалық жарыстарда да жүлдегер атанған.

Фото: Instagram/kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бокстан басқа спорт түрлерінде де ел намысын қорғап, Қазақстанның көк туын желбіретіп жүрген арулар жетерлік. Биыл жазда өткен Париж Олимпиадасында Александра Ле, Әбиба Әбужақынова ел намысын қорғап, Ақмарал Науатбек Паралимпиададан алтын жүлде алды. Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы күміс жүлдеге ие болды.