Әуеде, теңізде немесе құрлықта десант болу үшін қандай талаптарға сай болу қажет. Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.
«Ауыл шаруашылығы факультетін тәмамдаған шақырылушылар негізінен құрлық әскерлеріне жіберіледі. Ал математика, физика, инженерлік және экономика факультеттерін бітірген жас мамандар Әуе және Теңіз күштеріне бөлінеді. Десантты-штурмдық армияны жасақтау үшін шақырылушылар арасынан дене бітімі жақсы және білімі жалпы орта білімнен төмен емес азаматтар таңдалады», – деді Фархат Айдарбаев.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, биылғы жылдың қыркүйегінен бастап барлық өңірде қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жергілікті атқарушы органдар әкімдері орынбасарларының төрағалығымен азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады.
30 желтоқсанға дейін Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдар қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы, шақырылудан босатылған немесе кейінге қалдыруға негізі жоқ 20 000-нан астам ер адам шақырылады.
«Биылғы күзде мерзімді әскери қызметке азаматтарды шақыру үшін 10 шілдеден бастап қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерде шақырылушыларды тексеру және іріктеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта 18-27 жас аралығындағы 730 мың адам есепте тұр. Оның 120 мыңы әскерге шақырылуға жатады, олардың 40 мыңы мерзімді қызметке алынды», – деді Фархат Айдарбаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылушылар санын арттыруды жоспарлап отырғанын жазған едік. Қорғаныс министрлігі әскер қатарына шақырылатын жастар санын 39 180-ден 40 148-ге дейін көбейтуді көздеп отыр.