Биткоинның бар құпиясын ашқан деректі фильм жарыққа шықты

Жарияланды 9 Қазан 2024 12:09

(жаңартылды 9 Қазан 2024 13:03)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Биткоин жайлы басты құпия ашылды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

8 қазан күні HBO арнасында көптен күткен биткоин тарихын зерттейтін Money Electric деректі фильмі жарық көрді.

Фильмде криптовалюта әлемінің көптеген өкілі – әзірлеушілер, алғашқы қолданушылар мен қаржы сарапшылары – сөз алып, көрермендерді қаржы саласында төңкеріс жасаған криптавалюта әлемімен таныстырады. Сонымен қатар фильмде биткоинді жасаушы Сатоши Накамотоның шынайы тұлғасы төңірегіндегі құпия да зерттеледі.

Деректі фильмде Сатоши Накамото есімінің артында тұрған басты тұлға ретінде бағдарламашы Питер Тоддты көрсетеді. Режиссер Хобактың фильмі сұхбаттар, тарихи дәлелдер мен сараптамалық қорытындыларды біріктіріп, ұзақ уақыт бойы шешілмей келе жатқан жұмбаққа жаңа көзқарас тудырды.

Тодд Биткоинның дамуына айтарлықтай үлес қосып, даулы рөл атқарғанымен, бұл фильм оны мүлдем басқа қырынан көрсетіп, сала мамандары мен көпшіліктің қызығушылығын оятты.

Питер Тодд Сатоши Накамото емес екенін бұрыннан айтып келеді. Бірақ бұл фильмнен кейін көптеген күмәндар пайда болды. Тодд Coindesk репортерлеріне берген сұхбатында: «Әрине, мен Сатоши емеспін», — деп мәлімдеді. Castle Island Ventures компаниясының серіктес-негізін қалаушысы Ник Картер Politico басылымына берген сұхбатында Тоддты биткоин жасаушы деп есептемейтінін айтты.

Сатоши Накамото есімі алғаш рет 2009 жылы цифрлық валюта туралы мәлімет беретін «Ақ кітапта» кездеседі. Накамото Bitcoin-де 2011 жылға дейін жұмыс істегені белгілі. Содан кейін ол күтпеген жерден жобаны тастап, репозиторийлерді басқаруды басқа әзірлеушілерге берді. Одан соң көпшілік алдына шығуды доғарды.

Айта кетейік, биткоин 2008 жылы пайда болған тарихтағы алғашқы криптовалюта. Алғашқы кезеңде биткоинның бағасы $0,00099 болды. 5 мың биткоин сатудан келген алғашқы келісім-шарт сатушыға $5 табыс әкелді. Содан бері биткоинның жасаушысының жеке тұлғасы туралы талқылаулар үздіксіз жалғасып келеді. Биткоинның шығу тарихы мен оның жасаушысының кім екені жөніндегі сұрақтар бүгінгі күні де өзекті болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыз