«Қыз алып қашу» фильмі Қазақстан кинотеатрларында тегін көрсетіледі

Жарияланды 9 Қазан 2024 09:40

(жаңартылды 9 Қазан 2024 12:48)
post.authors.0.name

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
«Қыз алып қашу» фильмі тегін көрсетіледі / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

10-24 қазан аралығында Қазақстан кинотеатрларында Мирлан Абдықалықовтың «Қыз алып қашу» атты көркем фильмінің тегін көрсетілімдері өтеді.

2023 жылы бұл туынды халықаралық Alternativa Film Awards кинопремиясында Spotlight номинациясында жеңімпаз атанды. Бұл жүлде көпшілік назарына түспейтін немесе жиі ескерілмейтін, қоғам үшін маңызды тақырыпты ашып көрсеткен туындыға беріледі.

«Қазақстан мен Қырғызстанда жыл сайын мыңдаған қыздарды ұрлап, мәжбүрлі түрде тұрмысқа беріп жатады. Бұл зорлық-зомбылық дәстүрмен жасырылып, қылмыстар саны азаймай отыр. Қыздар бұндай жағдайда не істерін білмей қоғам тарапынан сынға ұшырайды. Бұл үрдісті тоқтатудың бір жолы – жәбірленушілердің оқиғаларын ашып көрсету және қоғамның көзқарасын өзгерту», – дейді Alternativa Film Screenings жобасының кеңесшісі және сценарист Әсем Жапишева.

Alternativa Film Project қазақстандықтарды Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан және Қызылорда қалаларындағы кинотеатрларда фильмді тегін тамашалауға ғана емес, сонымен қатар көрсетілімнен кейінгі пікірталастарға қатысып, бұл мәселені бірлесе шешуге шақырады.

Көрсетілімдерге тіркелу және жоба туралы қосымша ақпарат алу үшін сілтеме арқылы өте аласыз. Онда қалыңдық ұрлау мәселесі туралы мәліметтер, жәбірленушілерге арналған кеңестер және дағдарыс орталықтарының байланыс мәліметтері де бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Kursiv Lifestyle «Қыз алып қашу» фильміне рецензия жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз