Өзбекстан 2030 жылға қарай шетелдік туристер санын 20 миллионға жеткізбек

Жарияланды 29 Қыркүйек 2026 19:56

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media
Өзбекстан Самарқан
Өзбекстан 2030 жылға қарай шетелдік туристер санын 20 миллионға жеткізбек / Фото: kursiv.media, қниет Аманжолқызы

Өзбекстан 2030 жылға қарай елге келетін шетелдік туристер санын 20 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 7%-ға, туристік қызмет экспортының көлемін $8 миллиардтан асыру көзделген, деп хабарлайды Kursiv.LifeStyle.

Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәлімдеді. Оның айтуынша, туризм ел экономикасының перспективалы бағыттарының біріне айналып келеді.

2025 жылы Өзбекстанға 12 миллионға жуық шетелдік турист барған. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда алты есе көп. Осы кезеңде туристік қызмет экспорты 11 есеге өсіп, $4,8 миллиардқа жеткен.

Алдағы уақытта елде туристік инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Хиуада халықаралық туристік қалашық, конгресс-орталық және тарихи-этнографиялық парк салу көзделген. Самарқанда Жібек жолы музейін ашу, Қарақалпақстанда археологиялық ескерткіштерге арналған жаңа туристік бағыттарды іске қосу жоспарлануда.

Сонымен қатар, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу, бірыңғай ұлттық туристік платформа құру, гастрономиялық, экологиялық, зиярат, медициналық, таулы, шытырман оқиғалы, іскерлік, этнографиялық және ауыл туризмін дамытуға басымдық берілмек.

Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ, «Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген туризм қызметкері» құрметті атағын енгізуді ұсынды.

Айта кетейік, Қазақстаннан «Жібек жолы» халықаралық туристік жобасы аясында пойызбен Өзбекстанның бірнеше қаласына баруға болады.

Сондай-ақ оқыңыз