Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты қандай шешім шығаруы мүмкін?

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
базалық мөлшерлеме
Базалық мөлшерлеме қалай өзгертеді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк 11 қазан күні базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін шығарады. «Halyk Finance» сарапшылары бас банк мөлшерлемені 0,25%-дық тармаққа дейін төмендетуі мүмкін десе, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына қатысқан нарық өкілдері ҰБ базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады деген пікірде.

Тамыздағы шешімінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтап қалды. Реттеуші бұл шешімін Қазақстандағы инфляциялық үрдістердің баяулауымен байланыстырған болатын. Банктер беретін несие мен депозиттің пайыздық мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеге тәуелді.

Қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына жауап берген сарапшылардың 76%-ы Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да өзгеріссіз қалдырады деген пікірде. Себебі сарапшылардың пайымдауынша, ел экономикасындағы проинфляциялық тәуекелдер инфляциялық болжамды қайта қарау қажеттігін тудырған: 12 айда тұтыну бағасының өсімі 8,1%-ға жетуі мүмкін.

Сонымен қатар Қазақстан экономикасындағы тұрақты проинфляциялық факторлар Ұлттық банктен қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды талап етеді.

Ал Halyk Finance сарапшылары қыркүйек айында жылдық инфляцияның 8,3%-ға дейін баяулағанын ескерсек, ҰБ базалық мөлшерлемені 0,25%-дық тармаққа төмендетуге мүмкіндігі бар деп жазады.

Десе де сарапшылар 2024 жылдың 9 айында Ұлттық қордан бір жылға жоспарланған қаржыны Үкімет артығымен жұмсап тастағанына назар аударып, тағы да қордан ақша алса, бұл жайт проинфляциялық қысымды арттыратынын айтады. Бұл – Ұлттық банктің қатаң ақша-несие саясатын сақтап қалуына әсер ететін негізгі фактор.

«Ал бағаның көтерілуінің алдын алу үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстауға мәжбүр», – деп жазады сарапшылар.

Freedom Finance Global сарапшысы Данияр Оразбаев Ұлттық банк мөлшерлемені 14,25% деңгейінде қалдырады деп санайды. «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген пікірінде қазіргі доллар бағамы ақша-несие саясатын жұмсартуға мүмкіндік бермейтінін атап өткен.

«Қыркүйекте айлық инфляция аздап қана баяулады. Ал ақылы қызмет бағасы бұл айда өсу қарқынын сақтады. Оғана қоса, елдің бюджет шығыны көп және доллар бағамы жоғары. Бұл жағдай бас банктің мөлшерлемені төмендетуіне мүмкіндік бермейді», – дейді сарапшы.

Бұған дейін Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және басшысы Тимур Турлов «базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі несие беру мен бизнесті дамытуды айтарлықтай шектейтінін» айтқан. Алайда бұл жайт банктер үшін тиімді болып тұр.

Сондай-ақ оқыңыз