Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да 14,25% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды
Негізгі мөлшерлемеге қатысты кезекті шешім шығарған Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. ҰБ Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
ҰБ мәліметінше, инфляция орташа тарихи мәндерден және көктем кезі мен жаз басында байқалған деңгейлерден жоғары қалыптасып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі төмендеп келеді, бірақ оның қарқыны әлі де баяу екенін жазады.
«Қыркүйек айында халықтың инфляциялық күтулері өсті. Сыртқы ортаның тәуекелдеріне әлемдік нарықтардағы азық-түлік бағасының өсуі және Ресейдегі жоғары инфляция жатады. Экономика ішіндегі проинфляциялық қысым фискалдық ынталандыру, тарифтердің өсуінің жалғасуы, орнықты ішкі сұраныс, сондай-ақ инфляциялық күтулердің артуы есебінен сақталып отыр», – делінген ҰБ хабарламасында.
Бас банк ортамерзімді перспективада инфляция бойынша 5% мақсатқа қол жеткізу ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды қажет ететініне назар аударады
«Тәуекелдер балансы проинфляциялық жаққа ығысып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі тұрақты түрде төмендесе және фискалдық алшақтықты қаржыландыру мәселесі тиімді әрі жүйелі шешімін тапқан жағдайда базалық мөлшерлемені байыппен және теңгерімді түрде төмендетуге мүмкіндік болады», – делінген хабарламада.
Жылдық инфляция әлі де таргеттен едәуір алшақ болып тұр.
Шілде айында бас банк базалық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендеткен. Ал тамыз айындағы шешімінде базалық мөлшерлемені сақтап қалған болатын: 14,25%. Бұл шешімін ҰБ елдегі проинфляциялық факторлардың баяулауымен түсіндірген.
Бұған дейін Қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына қатысқан сарапшылар Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да сақтап қалады деп пікір білдірген болатын.
Ал Halyk Finance сарапшылары қыркүйек айында жылдық инфляцияның 8,3%-ға дейін баяулағанын ескерсек, базалық мөлшерлемені 0,25%-дық тармаққа төмендетуге мүмкіндік бар деп жазды.
Десе де, 2024 жылдың басында 15,25% құраған базалық мөлшерлеме біртіндеп төмендеп келеді.
Негізгі көрсеткішке қатысты шешімді Ұлттық банк жылына 8 рет қабылдайды. 2023 жылы базалық мөлшерлемені жыл басындағы 16,75 пайыздан 15,75 пайызға дейін азайды.