Шетелдік әншілер мен танымал қазақстандық жұлдыздар – алдағы аптада кімдердің концерті болады?

Жарияланды 12 Қазан 2024 13:55

(жаңартылды 13 Қазан 2024 13:53)
post.authors.0.name

Айшолпан Керім

Фото: kursiv.media архивінен

Nurbullin Tour 2024 – Нұрболат Абдуллиннің ән кеші

14 қазан, Орал қаласы

Жастардың да, орта буынның сүйікті әншісіне айналған Нұрболат Абдуллин ел аралап, концерт беріп, көрермен ықыласына бөленіп жүр. 14 қазан күні әнші Орал қаласында концерт қоймақшы. Кеште әнші өзінің ең танымал хит әндерін орындайды. 

Концерт Орал қаласындағы «Атамекен» мәдениет сарайында өтеді. Мекенжайы: 5-шағын аудан, 12. Кеш сағат 19:00-де басталады. 

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз. 

Қуандық Рахымның ән кеші

14 қазан, Семей қаласы

Барлық әні хит болып, тыңдарман жадында айтқан әнінің сөзі түгел жатталып қалатын талантты әнші Қуандық Рахым да ел аралап, әр өңірдегі жанкүйерлерімен жүздесу үшін жолға шықты. 14 қазан күні әнші Семейдегі тыңдармандарына әдемі ән кешін сыйлайды.

Қуандық Рахым – дәстүрлі ән мен эстрадалық әнді ұштастырып жүрген дарынды әнші. Қуандық десе, жоғары буын оның «Молдабайды» айтқанын еске алып, мақтай жөнеледі. Жастар жағы оның махаббатқа, сезімге толы сырлы әндерін сүйіп тыңдайды. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын үлкен сахнадан көрініп, таныла бастаған әнші бүгінде тәлімгер болып та үлгерді. Республикалық телевизиялық ән додасы «Қазақстан дауысы» жобасында басты төреші болып, шәкіртімен маңызды додада жеңімпаз да атанды. Қуандық бірнеше ай бойы тәлімгерлік етіп, қолдаған шәкірті Мұса Марат мегажобаны басым жеңіспен аяқтады.

Жобамен қатар Қуандық көп жаңа ән де шығарды. Бәрі дерлік тыңдарманын тапты. Қуандықты көрермен еңбекқор әнші ретінде таниды. Семейдегі ән кешіне де әнші жаңа концерттік бағдарлама әзірлеп жатыр екен. 

Әдемі кеш Семейдегі Абай атындағы театрда өтеді. Мекенжайы: Мұхамедханов көшесі, 6. Концерт сағат 19:00-де басталады.

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан сатып ала аласыз.

Юлдуз Усманованың ән кеші

Астана, 15 қазан

Өзбек эстрадасының примадоннасы Юлдуз Усманова Қазақстандағы тыңдармандарымен жүздесуге асық. Ол алдағы аптада астаналық әнсүйер қауымды ерекше концерттік бағдарламасымен қуантады.

Юлдуз Усманова – көпке әйгілі өзбек әншісі. Оны алыс-жақын шетелдерде сүйіп тыңдайды. Осы күнге дейін біраз белесті бағындырып, талай сахнада өнер көрсетіп, көптің зор ықыласына бөленіп жүр. Оның атағы да көп: өзбек эстрада әншісі, композитор, ақын-әнші, продюсер, Өзбекстанның халық әртісі (1998), Қазақстан мен Тәжікстанның халық әртісі, Түрікменстанның еңбек сіңірген әртісі.

Әйгілі әншінің репертуарына өзбек, қарақалпақ, түрік, ұйғыр, қазақ, татар, орыс, тәжік, парсы және басқа да тілдерде 800-ден астам ән бар; ал дискографиясында 100-ге жуық жеке пластинка, CD және DVD дискілер бар. Өзбекстаннан басқа Юлдуз Усманованың альбомдары Германия, АҚШ, Англия, Түркия және Голландияда да жарық көрген. Дискілердің жалпы таралымы 25 млн данадан асады.

Оның өнер жолына қадамы консерваторияны бітіргеннен кейін-ақ басталған. Жас жұлдыз бірден альбом шығарады. Жас әнші өзінің талантын танытып, түрлі концерттер мен байқауларға қатысуға тырысты. «Азия дауысында» 2-орын алған әнші тез танымал болуға мүмкіндік алды. 

Көп жылдар бойы хит парадтардан аты түспеген, әні ауыздан-ауызға тараған әртіс әлі де көрермен ықыласына бөленіп жүр. 15 қазан күні әнші Астана тұрғындарына ең таңдаулы әндерін шырқап береді.

Кеш Астана қаласындағы филармонияның концерт залында өтеді. Мекенжайы: Бейбітшілік көшесі, 1/1. Кеш сағат 19:30-да басталады. 

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз. 

Бағжан Октябрь «Жан терапиясы» концерттік бағдарламасымен Шымкент қаласында

16 қазан, Шымкент

Қазақстандағы ең танымал виолончелистердің бірі Бағжан Октябрь алдағы аптада Шымкент сахнасында өнер көрсетпек. Ол бұл күні тыңдарман алдына «Жан терапиясы» атты жаңартылған бағдарламасымен камералық оркестр сүйемелдеуімен шығады.  Бағжан әлемнің түкпір-түкпіріндегі ең көркем жерлерде виолончель аспабында ойнаған видеолары арқылы танылды. Ол түрлі танымал көркем туындыларды виолончель ырғағына келтіріп, көптің жүрегін жаулады. Оның эстетикаға толы видеолары әлеуметтік желіде жылдам тарап кетті. 

Қазіргі таңда музыкант Қазақстанда ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркияда өз концерттерін сәтті өткізіп жүр. Елдегі концерттерімен қатар, шетелдегі кештері де аншлагпен өтіп жатады. «Жан терапиясы» – бұл виолончельдің жан тебірентетін, сезімтал дыбыс толқыны. Шымкенттіктер алдағы аптада жүрекке жақын белгілі кинофильмдердің музыкасы, қазақ ұлттық әндері, ұлы классика мен жан көңілі тоқылған туындыларды рахаттана тыңдайтын керемет кешке куә бола алады.

Ерекше кештен қапы қалмаңыз. Үнемі аншлагпен өтетін кешке әлі де билет алып үлгересіз. 

Керемет концерт Шымкент қаласындағы Tulip hall-да өтеді. Басталуы: 20:00.

Билеттер Ticketon.kz сайтына жүктелген.  

GALA OPENING. «GULDER» ансамблі

18 қазан, Астана

Алдағы жұма күні Қазақконцерт ұжымы Астана көрермендері 64-ші концерттік маусымның ашылуында күтеді. Бұл гала кеште өнер әлемінің жарық жұлдыздары «GULDER» ансамблі өнер көрсетеді.

«GULDER» ансамблі – өз ісінің шеберлері мен кәсіпқойлардан жиналған Гүлдер бэнді, балет труппасы және эстрада солистерін біріктірген бірегей әрі еліміздегі өте танымал ұжым.

Концертте республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Салтанат Меңдіғалиева, Дидар Әбдухалық және «Славян базары-2019» халықаралық фестивалінің триумфаторы Әділхан Макин сияқты «Қазақконцерт» жұлдыздары көрермен назарына көпшіліктің көңілінен шыққан танымал әндерді тарту етеді.

Сонымен қатар көрермен «GULDER» ұсынған би қойылымдары дархан қазақ даласының бай мәдениеті мен тарихын айшықтайтын, ұлттық нақыш пен заманауи өрнекті бір арнаға тоғыстырған ерекше туындыларға да куә болады.

Өнер әлеміне терең бойлап, ұмытылмас әсерге бөленгіңіз келсе, қазан айының бір кешін тамаша өткізгіңіз келсе, концерттен қапы қалмаңыз!

Гала концерт Астанадағы Мәңгілік ел даңғылы, 10/1 мекенжайы бойынша орналасқан Qazaqconcert залында өтеді. Кеш сағат 19:00-де басталады.

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз