Компаниялардың жинағы артқан: банктердегі депозит көлемі 36,7 трлн теңгеге жетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

Қыркүйек айында екінші деңгейлі банктердегі депозиттер көлемі 1,4%-ға артып, 36,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл туралы Ұлттық банктің статистикасында жазылған.

Статистикаға сүйенсек, тамыз айында заңды тұлғалар допозиттерінің ағыны тіркелген еді. Ал өткен айда заңды тұлғалар салымының көлемі біршама көбейген. 36,7 трлн теңге депозиттің 20,55 трлн теңгесі – жеке тұлғалардың жинағы болса, 16,18 трлн теңгесі – заңды тұлғалардың қаржысы.

Теңгедегі депозит көлемі қанша?

Қыркүйек айында ұлттық валютадағы депозит 458 млрд теңгеге артқан. Жалпы депозит көлемі 28,8 трлн теңгеге жетті. Соның ішінде жеке тұлғалардың депозиттері 1,1% өсім байқатып, 185 млрд теңгеге артса, заңды тұлғалардың депозиттері 274 млрд теңге қосып(2,27%), 12,2 трлн теңгені құрады.

Теңгедегі депозиттердің артуына пайыздық мөлшерлемесі жоғары болуы себеп. Ал валютадағы депозитердің мөлшерлемесі төмен. Одан бөлек, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры теңгедегі жинаққа кепілдік беруі де бірден-бір себеп.

Шетел валютасындағы депозит көлемі де сәл артқан. Қазір шетел валютасында сақталған қаржы 7,84 трлн теңге көлемінде. Бұл қаржының 3,95 трлн теңгені жеке тұлғалардікі болса, заңды тұлғалардың салымдары 3,89 трлн теңгеге тең.

Жақында Ұлттық банк басшылары табыс табу үшін ақшаны қайда сақтаған жөн деген сауалға жауап берген.

Сондай-ақ оқыңыз