Жаңалықтар

2027 жылға дейін Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемі азаймайды – ҰЭМ

Фото: kursiv.media

Ұлттық қордан трансферттер көлемін азайту тек 2-3 жылдан кейін қарастырылады. Бұл жайлы Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Ұлттық экономика және Қаржы министрлері айтты.

Журналистер жыл басынан бері мұнай өндірісінің көлемі 0,3%-ға төмендегенін, алдағы жылдарда «Ұлттық қорға мұнай өндірісінен түсетін қаражат азайып кетуі мүмкін бе?» деп сұрады.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мұнай өндіру көлемі осы жылы белгілі бір шектеулерге байланысты азайғанын, бірақ алдағы жылдары өндіріс төмендемейтінін жеткізді. Ал осы жылғы мұнай өндіру көлеміне ОПЕК+ шектеулері,су тасқыны мен мұнай кен орындарында жүргізілген жоспарлы жөндеу жұмыстары әсер еткен.

Министрлік басшысы 9 айда 4%-дық көрсеткішке басқа секторлардың көмегімен жеткенін, егер мұнай өндірісінен лайықты деңгейде табыс түскенде, ЖІӨ әлдеқайда жоғары болатынын жеткізді. Айтуынша, алдағы жылда бұл салада жағдай айтарлықтай реттелуі мүмкін.

«Мұнай өндіру көлемі азаймайды. 2030 жылға дейін Ұлттық қорға мұнайдан түсетін түсімдер тұрақты болады. Ал қордан алынған қаражат туралы айтатын болсақ, қазір Ұлттық қор өзінің тұрақтандыру функциясын атқарып жатыр. Сондықтан сол мүмкіндіктерді пайдаланып жатырмыз. Өйткені бізге өңірлердегі мәселелерді шешу керек. Кез-келген мемлекеттік шығын экономикалық өсімге жақсы әсер етеді. Инфрақұрылым жақсарған сайын ел экономикасының дамуына оң әсер ететінін білесіздер», – деді министр.

Байбазаров сонымен бірге қазіргі уақытта Ұлттық қор қаражатын тұрақтандыру шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Бірақ алдағы екі жылда нысаналы трансферттер көлемін азайту қарастырылмайтынын жеткізді.

«Жалпы елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін бізге 2-3 жыл керек болады. Біздің әлеуметтік экономикалық жоспарымызға сәйкес, 2026-2027 жылдарға дейін нысаналы трансферттер көлемін азайтуды қарастырмаймыз»,  – деді министрлік басшысы.

Ал Қаржы министрі Мәди Такиев тек 2026 жылдан бастап трансферттер көлемін азайту мәселесін қарастыра бастайтынын мәлімдеді. Бірақ Ұлттық қордан трансферттер толыққанды қашан тоқтайтынын нақтыламады.

Айта кетсек, Үкімет сағатында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемі, түсетін қаражаттан асып кеткенін, мұның бағаларға қысым көрсететінін айтқан болатын. Сонымен бірге бұл жағдай базалық мөлшерлемені төмендетуге кедергі келтіретінін де атап өткен.