Орталық Азиядағы ең ірі экономика болғанына қарамастан, Қазақстандағы ЖІӨ өсімі баяуламақ – Дүниежүзілік банк
Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасының 2024-2025 жылдарға арналған болжамын өзгеріссіз қалдырды. Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5,15% өскен болатын. Банк болжамынша, биыл ел экономикасы 3,4% ғана өсім көрсетуі ықтимал.
Қаржы ұйымы бұл болжамын Теңіз кен орнын кеңейтудің кешеуілдеуі және елдегі қатаң ақша-несие саясатымен байланыстырады.
Дүниежүзілік банк дерегіне сүйенсек, биыл Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстан экономикасының өсімі төмен қалыптасады. Көрші Қырғызстанның экономикасы 2024 жыл нәтижесінде 5,8% өсім байқатса, Тәжікстан экономикасы 7,2% өсуі ықтимал. Ал Өзбекстанның жалып ішкі өнімі 6%-ға көтерілуі мүмкін. Түрікменстан жабық мемлекет болғандықтан, бұл ел экономикасының дерегі болжамда көрсетілмеген.
«Еуропа мен Орталық Азия аймағындағы елдер жоғары инфляция, Ресейдің Украинаға басып кіруінің салдары және аймақтың негізгі экспорттық нарығы- Еуропалық Одақтағы экономикалық белсенділіктің баяу қалпына келуінен туындаған соңғы күйзелістерге төтеп берді», – деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті Антонелла Бассани.
Ал 2025 жылы Қазақстан экономикасы қарқын алып, 4,7%-ға өсуі мүмкін. Алайда 2026 жылға қарай көрсеткіш қайтадан төмендеп, өсім 3,5 % деңгейінде болжанған. Банк 2026 жылға арналған болжамын 0,1%-ға төмендеткені байқалады.
Бір қызығы, биыл 5,8% өсетін Қырғызстан экономикасы алдағы жылдары 4,5% өсім көрсетуі ықтималы. Сонымен қатар банк болжамында Өзбекстан мен Тәжікстан жалпы ішкі өнімі де төмендеп сәйкесінше, 5,5 және 5,8%-ға өсуі мүмкін.
Дүниежүзілік банк Украина экономикасына қатысты болжамын да төмендеткен. Украина ЖІӨ-сы биыл 3,2% өсім байқатса, 2025 жылы бар-жоғы 2% қосады. Тек 2026 жылы ғана қайта қарқын алып, 7,0%-ды құрамақ.