III тоқсандағы қаржы нәтижесі мен Hepsiburada-ны сатып алатыны әсер етті: Kaspi.kz акциялары NASDAQ биржасында 8,32% қымбаттады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Kaspi.kz
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық финтех Kaspi.kz акциялары NASDAQ биржасында 8,32%-ға өсті. Қазір әлемдік қор биржасында компания ҒДҚ-лары 115 долларға жуық бағада саудаланып жатыр.

Мұндай өсімге компанияның III тоқсандағы қаржы көрсеткіштері мен Түркияның ірі маркетплейсі – Hepsiburada-ны сатып алатыны туралы жаңалық ықпал етті. Қаржы есебі мен стратегиялық инвестициялық қадамы Kaspi.kz-ті халықаралық нарықта нығайта түскен.

Өткен аптада қазақстандық компанияның Hepsiburada-ны сатып алатыны туралы жаңалығы инвесторлар арасында қызығушылық туғызған. Бұл жаңалықтан кейін маркетплейстің де акциялары жоғарылап, соңғы сессияда 59%-ға өсті. Аталмыш мәміле Kaspi.kz-тің халықаралық ауқымдағы амбициясын көрсетіп, жаңа нарыққа шығу мүмкіндігін кеңейтіп отыр.

Kaspi.kz-тің III тоқсан нәтижесі қандай?

Kaspi.kz соңғы қаржы есебінде кіріс пен таза пайдасын айтарлықтай арттырғанын жариялады. 2024 жылдың тоғыз айында компанияның  кірісі 34%-ға өсіп, 1,8 трлн теңгені құраса, таза табысы 23%-ға өсіп, 740 млрд теңгеге жеткен.

Компанияның жалпы табысының үштен екісі (68%) «Төлемдер» және «Маркетплейс» сервисімен келген. 2024 жылдың тоғыз айында төлем платформасы 732 мың сатушы мен 13,4 миллион тұтынушыны біріктірді.

Компания цифрлық экожүйесінің табысты өсуі мен клиент қатарының артуы нәтижесінде бұл көрсеткіштер күткендегіден жоғары болған.

Hepsiburadaны сатып алуға қатысты мәміле

Hepsiburada-ны сатып алу – Kaspi.kz үшін Түркияның электрондық коммерция нарығына кіруді білдіреді. 18 қазан күні қос тарап маркеплейстің 65% акциясын сату-сатып алу туралы мәмілеге қол қойғаны хабарланды. Түркияның реттеуші мекемелері мақұлдаған соң, мәміле 2025 жылдың бірінші тоқсанында толық аяқталуы тиіс.

Бұл нарықта электрондық сауда саласы қарқынды дамып келеді, ал Kaspi.kz өзінің онлайн қаржы қызметтерін, төлем шешімдері мен маркетплейс қызметтерін кеңейтуді көздейді.

Сондай-ақ оқыңыз