Қазақстан туралы My Motherland әніне АҚШ пен Еуропа радиолары назар аударды. Бұл әнді қазақстандық әнші SANGINA қазақ және ағылшын тілдерінде шығарды.
Әншінің айтуынша, бұл жүрек тебірентерлік композиция туған жерге арналған және әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандардың жүректерін жаулап үлгерді. Музыкалық трек АҚШ пен Еуропа радиостанцияларында шырқалып, ондаған халықаралық плейлисттер оны өз топтамаларына енгізді.
«My Motherland (Atamekenim қазақ нұсқасы) бұл әнді шығару идеясы АҚШ-қа көшіп келгеннен кейін пайда болды. Қазақстаннан алыс жерде тұрып, сағыныш сезімдерін басымнан өткірдім. Біз басқа елдерге көшіп, арманымыздың соңынан жүріп, жаңа тілдерді үйренеміз, бірақ қайда жүрсек те, мәңгілікке қалатын – біздің түп тамырымыз, мәдениетіміз, Отанымыз», – дейді әнші.
My Motherland әнін барлық музыкалық платформаларда тыңдауға болады. Композицияда SANGINA қазақ мотивтерін заманауи поп-музыка мен блюзбен ұштастырады. Қазіргі уақытта орындаушы осы бағытта шығармашылығын жалғастырып, ұлттық мәдениеттің танымалдығын арттыруға ниеттенеді.
«Менің ойымша, мәдени әртүрлілік менің музыкама ерекше сипат береді және үлкен аудиторияның жүрегіне жетуге мүмкіндік тудырады. Мен әртүрлі мәдениеттегі адамдарға жақын ән жазуға және музыка шынымен біріктіре алатынын көрсетуге тырысамын», – деді әнші.
Айта кетейік, әнші Тараз қаласында дүниеге келген. Туған жердің әр өңірін аралап, туристік орындарға жиі барады. Жас орындаушының пікірінше, Қазақстанның бай мәдениеті, көркем табиғаты және бірегей тарихи мұрасы бар.
Келесі айда SANGINA Қазақстандық әнші Danna Max-пен бірлесіп жаңа синглін шетел аудиториясына ұсынуды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Республика күніне орай Нью-Йорк қаласында Қазақстанның туы салтанатты түрде көкке көтерілген еді.