Ұлттық банк жеке тұлғаларға берілген несие мөлшерлемесі 21,6%-ға дейін өскенін хабарлады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Жеке тұлғаларға шетел валютасында несие алу тиімдірек бола түсті / Архив: kursiv.media

Жеке тұлғаларға берілген теңгедегі кредиттердің орташа мөлшерлемесі қыркүйектің аяғында 20,2%-дан 21,6%-ға дейін өсті. Бұл туралы Ұлттық банктің Қазақстанның банк секторы мен екінші деңгейдегі банктердің экономиканы кредиттеуі туралы деректерінде жазылған.

Айта кететіні, бұл ретте шілде айынан бастап базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалды (14,25%). Сәуірден маусымға дейін теңгедегі несие арзандаған еді.

Қыркүйек айында жеке тұлғалар үшін шетел валютасында несие алу тиімдірек бола түсті. Мөлшерлеме 5,4%-дан 4,4%-ға төмендеді.
Бұл ретте заңды тұлғалар үшін теңгедегі несиелер бойынша мөлшерлеме өзгеріссіз, 17,6% деңгейінде қалды. Ал шетел валютасында керісінше 6,7%-дан 7,2%-ға дейін өсті.

Бизнеске кредиттер кәсіпкерлік субъектілері (ірі, орта және шағын) бойынша ақпаратты қамтиды. Ал халыққа берілетін несиелер ипотекалық қарыздар, тұтынушылық қарыздар және өзге де мақсаттарға негізделген.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы наурыз айының соңында екінші деңгейлі банктердің заңды тұлғаларға берген теңгедегі несиесі бойынша орташа мөлшерлеме 17,8%-ды құрады. Бұл ретте жеке тұлғаларға теңгемен берілген несиелер мөлшерлемесі 20%-ды құрады.

Естеріңізге сала кетейік, 23 ақпанда базалық мөлшерлеме 14,75%-ға дейін төмендетілді. 12 сәуір Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75% деңгейінде сақтап қалды. Ал шілдеде Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 14,25%-ға дейін 25 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыз