Футболдан «алтын доп» жүлдесін табыстау рәсімі қашан және қайда өтеді?

Жарияланды 28 Қазан 2024 10:26

(жаңартылды 29 Қазан 2024 12:59)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Винисиус Жуниор алтын доп ала ма? / фото: UEFA.com

Футболдан 68-ші «Алтын доп» жүлдесін табыстау рәсімі 28 қазан күні Париждегі Шатле театрының алаңында өтеді. Бұл туралы UEFA.com хабарлады. Марапаттау рәсімі Қазақстан уақыты бойынша 23:00-де басталады.

UEFA мәліметінше, бұл шарада France Football және L’Équipe иелері – әлемнің үздік футболшысын, үздік жаттықтырушы, ең жас ойыншы, үздік қақпашы мен ең көп гол салған ойыншыны марапаттайды.

Сарапшылардың пікірінше «Алтын допқа» басты үміткерлердің бірі мадридтік «Реал» клубының ойыншысы Винисиус Жуниор. Сонымен қатар үміткерлер тізімінде «Манчестер Сити» клубының ойыншысы Родри, «Реал» ойыншысы Килиан Мбаппе, «Манчестер Сити» құрамындағы Эрлинг Холанд, «Реал» футболшысы Джуд Беллингем, «Бавария» ойыншысы Гарри Кейн және «Барселона» клубының жас ойыншысы Ламин Ямаль сияқты танымал жұлдыздар бар. Барлығы 30 үміткер ұсынылған.

«Алтын доп» деген не?

Айта кетейік, «Алтын доп» марапаты France Football басылымы тарапынан 1956 жылдан бері жыл сайын беріледі. Бұл марапат футболшылардың ерекше таланттары мен жетістіктерін тану мақсатында берілетін ең беделді жүлде ретінде саналады.

«Алтын доп» марапатына дауыс беру қалай жүргізіледі?

«Алтын доп» әлемдегі ең үздік футболшыға беріледі. Бұл марапат мынадай үш негізгі критерий бойынша тағайындалады:

1. Жеке ойын көрсеткіштері, голдар саны
2. Командалық ойын көрсеткіштері мен жетістіктері
3. Жыл бойы көрсеткен тұрақтылық пен адал ойын

«Алтын доп» иегері халықаралық сарапшылардың комиссиясы, яғни ФИФА рейтингіндегі 100 үздік елдің әрқайсысынан бір журналист дауыс беру арқылы тағайындалады.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлемнің ең қымбат ойыншысы ретінде «Манчестер ситидің» ойыншысы Эрлинг Холанд атанса, ал ең көп айлық алатын футболшы ретінде Криштиану Роналду көш басын сақтап қалған еді.

Сондай-ақ оқыңыз