28 қазан күні Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Айжан Құлбаева марапатталды. Құлбаева интернетте кеңінен талқыланған Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша ашық сот процесін жүргізді.
Оның сот саласында ұзақ жылдар бойы адал қызмет еткені ескерілген. Заң үстемдігін арттыруға үлес қосқаны үшін судьяға Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Айсұлу Сламбекова Жоғарғы Соттың ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалін табыс етті.
Салтанат Нүркенованы өлтірді деген айыппен ұсталған Қуандық Бишімбаевтың қылмысын сотта дәлелдеуге үлес қосқан прокурорлар да назардан тыс қалмады. Ұлттық мереке күні қарсаңында Айжан Аймағанова мен Саяхат Нұрбековке «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.