Қытай көліктерімен бәсекелесе алмаған Volkswagen Германиядағы үш зауытын жаппақ

Жарияланды 29 Қазан 2024 08:11

(жаңартылды 29 Қазан 2024 09:03)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Volkswagen Германиядағы
Volkswagen Германиядағы үш зауытын жаппақ / Фото: shutterstock

30 қазан күні Volkswagen концерні Германиядағы үш бірдей зауытын жауып, мыңдаған жұмыс орнын қысқартуды көздеп отыр. 

Euronews ақпаратына сүйенсек, Вольфсбургтегі кеңседе компания жетекшілері кем дегенде үш зауытты жабуды, ондаған мың жұмыс орындарын қысқартуды, сондай-ақ қалған қызметкерлердің жалақысын 10% қысқартуды талқылайтын болады.

Қытай мен Еуропа нарықтарындағы сұраныстың төмендеуі, қытайлық автоконцернмен бәсекелесе алмауы әрі электромобильдер шығарудағы сәтсіздіктер компанияның құлдырауына алып келген.

Жалақының 10%-ға төмендеуінен басқа, 2025 және 2026 жылдары жалақы екі жыл бойы өспеуі де мүмкін. Директорлар кеңесі қызметкерлердің арнайы бонустары үшін ай сайынғы 167 еуро сыйақысын да алып тастағысы келеді.

Volkswagen өзінің 87 жылдық тарихында көлік отаны Германиядағы зауытын алғаш рет жабуды көздеді. Қазіргі таңда Германияда 300 000-ға жуық адам жұмыс істейтін 10 зауыты бар.

«Бір жылдан астам уақыт бойы басшылық негізгі брендтің алдағы мақсаттарын бекіте алмады. Әлі күнге болашақ жоспарды анықтай алмай отыр», – деді өндірістік кеңестің басшысы Даниэла Кавалло.

Кавалло ел билігін электромобильдерге көшудің «кешенді жоспарын» жасауға және Германияның өндірістік орталық ретінде мүмкіндіктерін арттыруға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз