«Веном: Соңғы би» фильмі бір аптада 866 млн теңге кассалық табысқа жетті

Жарияланды 29 Қазан 2024 11:50

(жаңартылды 29 Қазан 2024 17:48)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
«Веном: Соңғы би» фильмі бір аптада 866 млн кассалық табысқа жетті / фото: трейллерден скрин, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Кино нарығында «Веном: Соңғы би» фильмі үлкен табысқа жетіп, бір аптада 866 миллион теңге касса жинады. Бұл туралы Ticketon билет операторы хабарлады.

Алайда бұл киноның орыс тілі мен қазақ тіліндегі жалпы көрсеткіші. Меломанның мәліметінше, кино жарыққа шыққан күні 141 миллион теңгеден астам (шамамен 292 мың АҚШ доллары) табыс тапты. Оның ішінде 18 миллионын ғана қазақ тіліндегі дубляжы алып келді.

Сонымен қатар алдын ала мәліметтер бойынша, фильмнің Орталық Азия мен Закавказье елдерінде жалпы жинағы прокатқа шыққан алғашқы күнде шамамен 380 мың АҚШ долларын (180 миллион теңгеден астам) құрады.

Бірінші күннің, яғни 24 қазандағы қорытынды бойынша Орталық Азия мен Закавказье елдері (елдер: Қазақстан, Армения, Өзбекстан және Тәжікстан) арасында жетекші орынды Қазақстан иеленді.

Кинодағы басты кейіпкерлерді қазақша дыбыстаған: Салтанат Бақаева, Анара Батырхан, Ninety One тобының әншісі Батырхан Маликов (Alem), Асан Мәжіт, Нұрай Жеткерген және т.б.

Еске сала кетейік, «Веном: Соңғы би» фильмі Қазақстан кинотеатрларында 24 қазаннан бастап көрсетіле бастады.

Бұған дейін қазақ тілінде прокатқа шыққан екі анимациялық фильм де табысты болды. Алғашқысы Disney және Pixar студияларының «Ойжұмбақ-2» фильмі қазақ тіліндегі нұсқасы прокатта 128 миллион теңге жинап, қазақ тілінде дубляждалған барлық фильмнің арасында ең табысты фильмге айналды. 

Сондай-ақ оқыңыз