Youtube-қа жүктелетін сапалы қазақша мультфильмдерге бюджеттен 350 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Аймағанбетов өз instagram парақшасында мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша қазіргі уақытта қазақ тіліндегі мультфильмдердің тапшылығы үлкен мәселе болып отыр. Балалар көп жағдайда «Синий трактор» мен «Маша и Медведь» сияқты шетелдік туындылармен шектеледі.
«Келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік. Бұл балалардың қазақ тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеміз.» деп жазды Аймағанбетов.
Сондай-ақ, Аймағанбетов балалар үшін қазақша контент жасауда бірқатар қиындықтар бар екенін айтты. Мысалы, «Балапан» телеарнасы контент жасаушыларға өте аз қаражат төлейді, сондықтан олар көбінесе волонтерлік негізде жұмыс істейді. Бөлінген қосымша қаражат контенттің сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Жалпы, балалар арасында қазақша контентті тұтыну бойынша сапалы ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Осыған байланысты Ғылым министрлігіне тиісті ұсыныс жасадық.», деді депутат.
Әлемдік хит мультфильмдерді мемлекеттік тілге аудару да маңызды. Бұл үшін авторлық құқық иелерімен ынтымақтастық қажет етеді. Депутаттың айтуынша алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар жалғасады.
Қазақ тіліндегі мультфильмдердің саны мен сапасын арттыру балаларға ана тілінде қызықты контент ұсынудың тиімді жолы. Бұл шаралар балалардың тілдік дамуына, мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, кинотеатрларда қазақ тіліне дубляждалған мультфильмдер үлкен сұранысқа ие. Бұған дейін қазақ тілінде прокатқа шыққан екі анимациялық фильм де табысты болды. Алғашқысы Disney және Pixar студияларының «Ойжұмбақ-2» фильмі қазақ тіліндегі нұсқасы прокатта 128 миллион теңге жинап, қазақ тілінде дубляждалған барлық фильмнің арасында ең табысты фильмге айналды.
Сонымен қатар, алдағы уақытта кинотеатрларда қазақша дубляждалған «Моана 2» мультфильмі 21 қарашада шықса, «Муфаса: Арыстан патша» мультфильмі көрермендерге 19 желтоқсанда ұсынылады.