Алматыда боксшы Жанқош Тұраровқа қатысты зорлау айыбы бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл туралы Алматы полиция департаменті хабарлады.
Алматы қаласының полиция департаментінің мәліметінше, тергеу барысында сот-медициналық және сот-биологиялық сараптамалар жүргізілген және зорлау фактісі расталмаған.
«Іс жүргізу аясында сот-медициналық және сот-биологиялық сараптама жүргізіліп, қорытындысы бойынша зорлау дерегі расталмады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы түпкілікті шешім қабылданды. Әуезов аудандық прокуратурасы бұл шешіммен келісті», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін боксшының үстінен белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің қызы Әнару Құрманәлі арыз түсірген еді.
Айта кетейік, 33 жастағы Жанқош Тұраров үйленген 3 баланың әкесі. Кәсіпқой боксшы 2023 жылдың 21 наурызынан бастап — бірінші жартылай орта салмақта IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы.