Lifestyle

Жанқош Тұраров зорлады деп арызданған қызды сотқа бере ме?

Жанқош Тұраров зорлады деп арызданған қызды сотқа бере ме? / фото: архив kursiv.media

Жанқош Тұраров зорлады деп арызданған Әнару Құрманәліні жала жапқаны үшін сотқа бере ме? Боксшының адвокаты Самат Мамутовтың айтуынша, заң аясында, егер арызданушының сөзі жалған болып шықса, онда Жанқош Тұраров құқық қорғау органдарына арыз беріп, моральдық немесе материалдық шығындарды талап етуі мүмкін.

Бұған дейін, Тұраровтың адвокаты Самат Мамутов журналистермен өткен кездесуде Әнару Құрманәлінің арызында көрсетілген жайттар дәлелденбесе, онда ол көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жылдан 8 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін айтқан.

Ал, Әнарудың адвокаты Ләззат Ахатова істің аяқталғанымен келіспей құзырлы органдарға шағым түсіретіндерін айтты:

«Істі бізге айтпай, заңсыз қысқартқанын екі күн бұрын, қоймай жүріп, білдік. Енді тергеу органы бізді сотқа шағымданбасын деп, қаулыны бермей отыр! Ол қаулыға шағымданатын құқығымыз бар! Қайта жаңғыртуға құқығымыз бар. Солай жасаймыз да. Тиісті органдардың бәріне шағымданамыз. Полиция істі заңсыз қысқартса, неге оны түпкілікті шешім деп ойлайды, кей кісілер? Ол шешімдеріне шағым келтіру құқығы бар емес пе? Сот бар, прокуратура бар», деп жазды Ләззат Ахатова өзінің Facebook парақшасында.

Еске сала кетейік, бұған дейін боксшының үстінен белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің қызы Әнару Құрманәлі арыз түсірген еді.

Алматы полиция департаментінің мәліметінше сотқа дейінгі тергеу 20 қазан күні аяқталған. Тергеу барысында сот-медициналық және сот-биологиялық сараптамалар жүргізілген және зорлау фактісі расталмаған.