Футбол ойыны, кинопремьера және ән кештері. Алдағы аптада қайда баруға болады? 

Жарияланды 9 Қараша 2024 10:32

(жаңартылды 9 Қараша 2024 10:32)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Фото: kursiv.media

Алдағы апта түрлі іс-шараға толы болмақ. Оның ішінде концерт те, театрландырылған қойылымдар да, футболы матчы мен кинопремьера да бар. Оқырмандарымыз «Қайда барамын?», «Бүгінгі кешті қалай қызықты өткізсем?» деп бас қатырмаса да болады. Себебі Kursiv.kz әдеттегідей алдағы апта болатын ең қызық, ең ерекше іс-шаралардың тізімін әзірлеп қойды.

«Абай-Тоғжан» қойылымы

12 қараша, Астана қаласы

Сейсенбі күні танымал Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» Мұхтар Әуезовтың шығармасына негізделген әйгілі «Абай-Тоғжан» қойылымы сахналайды. Қоюшы режиссеры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. 

Адамзат тарихындағы біртуар тұлғалардың болмыс-бітіміндегі жасампаз рух – балалық шақтан бастау алады. Жас ұрпақтың дүние танымына, жан дүниесіне, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасына Абай ғұмырының бозбала кезеңі арқау болған. Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің тағылымы, Ұлжандай ананың өнегесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлттымыздың құндылықтары сахна биігіне көтеріледі. Халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрі, ұлы дала ұлағаты – ғашық Абайдың жан сүзгісінен өтіп, жас суреткерді «Сүйесің жүрек, күйесің» деген ұғымдарына қарай жетелей береді. Жас Абайдың әлемі – көрерменге «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екенін ұқтырады. 

Ұжым бұл қойылымды алғаш 2020 жылғы желтоқсанда көрерменге ұсынды. Содан бері төрт жыл өтсе де, көрермені азайған емес. Рөлдерді кім сомдайтынын да көбі біледі. Абайды Аян Өтепберген, Тоғжанның рқліне Арелана Амаангелдиева сомдайды. Құнанбайдың рөлін актер Берік Айтажанов ойнайды. Сонымен қатар қойылымда Асылхан Төлепов, Аман Ғұмаров, Дінислам Нұрмағамбетов, Дидар Төлеген, Диана Асқар, Жансұлу Төлегенова да бой көрсетеді.

Өтетін орны: Музыкалық жас көрермен театрі,  Ж. Омарова 47б.  

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз. 

«Жезтырнақ» фильмінің премьерасы

14 қараша

Кейінгі жылдары қазақстандық кинопрокат ерекше қарқын алғаны рас. Бұған кинопремьералардың жиілігі дәлел бола алады. Киногерлер қазір тіпті көрерменді түрлі жаңа жанрмен де қуантуға тырысып жүр. Мысалы, алдағы аптада «Жезтырнақ» фэнтези фильмі жарыққа шығады. 

Жезтырнақ – мифтік кейіпкер, ол жайлы аңыз әңгіме көп. Ауыз әдебиетінен жеткен әңгімеде ол ұзын өткір тырнақтары бар, тылсым күшке ие әрі адамның қанын ішетін кейіпкер ретінде суреттеледі. Қазір оның барына ешкім сенбейді, алайда Жезтырнақ адамдар арасында өмір сүріп жатыр. Мирас – Алматыда тұратын қарапайым жігіт. Айна деген табысты жас ару оған ғашық болып қалады. Мирастың ата-анасы ұлдарына мұндай қыз жолыққанына қуанып, бірден бай елмен құдандалы болуға асығады. Алайда олар жаңа құдаларының зәулім сарайында қандай құпия барынан мүлдем бейхабар.

Тылсым оқиғаға негізделген жаңа «Жезтырнақ» фильмі 14 қарашадан бастап көрерменге жол тартады. Туындыны еліміздің барлық кинотеатрларынан көре аласыз. 

Фильмде басты рөлдерді Есентай Ниязбеков, Динара Мирасбек, Назгүл Қарабалина мен Сырым Қашқабаев сомдайды. Режиссеры – Әнуар Мәтжанов. Фильм бойынша жас шектеуі бар, кино залына тек 16 жастан асқан көрермен кіре алады.

Есентай Ниязбаев, Динара Мирасбек, Назгуль Карабалина, Сырым Кашкабаев

Билеттерді  Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Футбол. Қазақстан-Аустрия матчы

14 қараша, Алматы қаласы

Дәл осы күні Алматыдағы Орталық стадион тағы бір рет дүркірегелі тұр. Себебі Ұлттар лигасының кезекті ойыны үшін қалаға аустриялық футболшылар келеді. Қазақстан-Аустрия матчын күтіп жүрген футболсүйер қауымның билет алуға асыққаны жөн.

Алдағы бейсенбі кешін ерекше өткізгісі келетін, өзгеше эмоция сезініп көргісі келетін көпшілікке де футбол жарысын тамашалау идеясын ұсынамыз. Бұл – отандық спортшыларды қолдап, футбол көрерменіне тән мәдениетті қалыптастыру үшін де үлкен қадам болмақ. 

Билет алып үлгеріңіз, оны Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Ескерту: Әрбір билетте матчқа келушілердің толық аты-жөні көрсетілуі керек екенін ескеріңіз. Тексеру кезінде жеке басын куәландыратын құжатты көрсету керек. Билеттегі ақпарат клиенттердің аты-жөнімен сәйкес келмесе, матчқа кіруге тыйым салынады.

Билеттерді сатып алғанда ақпаратты мұқият тексеріңіз.

Raim жеке ән кеші

15 қараша, Қарағанды қаласы

RaiM қарағандылық тыңдарманын жеке концертіне қуана шақырады! Алдағы аптада бүкіл ТМД елдеріне танымал қазақстандық әртіс RaiM жаңа бағдарламасымен, танымал әндерімен тыңдарманын қуантпақ. 

RaiM – қуатты вокалымен, жарқын харизмасымен, бірегей стилімен танымал әнші. Ол қазірдің өзінде Қазақстанда да, елімізден тыс жерлерде де миллиондаған тыңдармандардың жүрегін жаулап алды. Әншінің «Дем», «Сүю», «Досым», «Шер», «Where are you», «Двигаться», «Oh my love», «Жаным-ау, сен» және бұдан өзге тағы басқа хиттері әлемнің түкпір-түкпірінде шырқалып жүр.

Жеке концертінде RaiM көптен күткен композицияларын ұсынады. Әртіс жанкүйерлерін естен кетпес көрнекі әсерлер, жанды дыбыс және тосын сый-сыяпаттармен қуантуға кепілдік береді. Бұл жай ғана концерт емес, эмоциялар мен күш-қуатқа толы нағыз музыкалық саяхат болмақ. Өткен аптада Алматыда өткен ғаламат концертті тыңдарманы әлі таңдана айтып жүргені жасырын емес. Қарағандылық тыңдарман да кем әсер ала қоймасы анық.

Кеш 15 қараша күні Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтеді. Басталуы: сағат 20:00.

Билет алып үлгеріңіз, ол үшін Ticketon.kz сайтына өтіңіз. 

Orynkhan жеке ән кеші

16 қараша, Алматы қаласы

Орынхан Рахымбеков – әнші, музыкант, Moldanazar Music лейблінің артисі. Орынханның фолк стиліндегі Dárymen атты алғашқы альбомы 2020 жылдың қазан айында жарық көрді. Содан бері Орынхан өзінің керемет музыкасымен көптеген қазақстандықтардың жүрегін жаулап, әлі күнге дейін баурап келеді. 

Оның ән кештері ерекше жылы, жайлы атмосферада өтеді. Тыңдарман барлық әнін дерлік қосыла шырқап, түрлі сезімге бөленеді. Қарашаның бір сенбісіне сән беріп, ең атмосфералық кешке барып, тынығып қайтуға кеңес береміз.

Кеш 16 қараша күні Жамбыл мемлекеттік филармониясының концерт залында өтеді. Басталуы: сағат 18:00-де.

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан сатып ала аласыздар.

Алдағы аптада еліміздің әр қаласында өтетін өзге де концерттер, театр қойылымдары, кинопремьералар, турлар және басқа да іс-шаралар жайлы ақпарат пен билетті Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз