11 қарашадағы сауда-саттықта Halyk bank акциялары қымбаттады. Сарапшылардың айтуынша, оған банктің биыл қосымша дивиденд төлейтіні туралы жаңалық әсер етуі ықтимал.
Қазақстан қор биржасы дерегі бойынша, бүгін қаржы ұйымының акциялары 5,38 пайызда аса қымбаттаған. Сауда-саттық көлемі 41 млн теңгеден асқан.
Компания акционерлерінің 9 желтоқсанда өтетін кезектер тыс жиналысында қосымша дивиденд төлеу мәселесі қаралады. Банк 2023 жыл үшін қосымша әр акцияға 9.57 теңге төлеуді жоспарлап отыр.
Егер акционерлер жиналысы бұл бастаманы қолдаса, төлем 12 желтоқсаннан басталады. Қазір банктің 13,4 млрд акциясы айналымда жүргенін ескерсек, 129 млрд теңге қаржы акционерлерге қосыша аударылуы мүмкін.
Қаржы ұйымы 2023 жыл үшін негізгі дивидендін шілде айында төлеп қойған. Ол кезде дивиденд әр акцияға 25.43 теңгеден келген. Былтыр тапқан 693,4 млрд теңге таза пайдасынан 277 млрд теңге дивиденд төленген. Ал 2022 жылы банк 1 жай акцияға 25,38 теңге (569 млрд теңге таза пайдадан 276,1 млрд теңге) аударған.
Сәуір айында қаржы ұйымы өз дивиденд саясатына өзгеріс енгізетінін хабарлады. Соған сәйкес, банк жылына екі рет дивденд төлейді. Дивиденд төлерде банк негізгі капиталдың жеткіліктілігі болжамды көрсеткішінің 17%-нан кем болмауын қадағалауға тиіс.
Банктің негізгі акционерлері Тимур мен Динара Құлыбаевтар. Олар ALMEX холдингі арқылы қаржы ұйымының 56,4%-ына иелік етеді. 23,14%-ы номиналды ұстаушы және Лондон қор биржасында сатылатын депозитарлық қолхаттарды шығаратын Bank of New York-ке тиесілі.