Asarume халықтан жинаған қаржының қанша бөлігін жалақыға жұмсайды – Қор басшысы жауап берді

Жарияланды 12 Қараша 2024 18:02

(жаңартылды 12 Қараша 2024 18:06)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Asarume басшысы Асхат Нұрмашев сұқбат берді
Asarume басшысы Асхат Нұрмашев сұқбат берді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қараша айының басынан бері аз қамтылған отбасыларға тұрғын алуға көмек жинайтын Asarume қайырымдылық қорының қаржылық есебіне байланысты талқылаулар жүріп жатыр. Қор жинаған қаржыдан қанша жалақы алды? Қаржылық есебі неге түсініксіз? Қордың артында кім тұр? Осы және өзге де сұрақтарды KursivMedia тілшісі қордың басшысы Асхат Нұрмашевқа қойды.

Нұрмашев сөзін қордың жобалары туралы айтудан бастады. Қор жұмыс істеп келе жатқан кезден бері 1100 жуық отбасыға тұрғын үй алып берген. Бұдан бөлек, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған «Кеңжүрек мың бала» атты мектебін ашқан. Мұнда елдің әртүрлі бөлігінен келген 180 бала білім алады. 

«Әлеуметтік қиындыққа, зорлық-зомбылыққа ұшыраған аналарға көмек көрсететін бағдарламамыз бар. Олардың табысы мен тұрмысын жақсартуға тырысамыз», – деді Нұрмашев.

Ол Asarume-нің елдегі ең ірі қайырымдылық ұйымы екенін атап өтіп, қордың табысы мен шығындары тоқтала кетті.

«Мысалы, 2023 жылы 3,9 млрд теңге жинау үшін 100 жуық компаниямен келісу керек болды. Барлық аймақтарды аралап шықтық. 300 отбасыға үй сыйладық. Оның 20-30% ғана Алматы қаласы мен облысы аумағында болса, қалған өңірлерге бару керек. Бір шыққан кезде 600-700 шақырым көлікпен жүріп отырамыз. Операторларымыз да жылдамдықпен темпке ілесіп, жұмыс істеп келеді. Мұндай жұмыс көлемін көтере алатын адам аз», – деді ол. 

Нұрмашевтің айтуынша, қорда ең көп жалақыны басшы ретінде өзі алады. Оның көліме 1 млн теңге. Дегенмен ол Алматы қаласы үшін бұл жалақының орташа көлемдегі табыс екенін алға тартты. 

«Видео түсіріп, одан ақша төбеңнен жауа қояды да, сен үй сыйлайсың деген әңгіме емес қой. Біздің команда алып жатқан жалақысын ақтап отыр деп ойлаймын. Қазір бізде 25 адам жұмыс істейді. Бұл сомма тек жалақы емес, әлеуметтік төлемдерді де қосқан сомма», – дейді ол.

Оның айтуынша, осы кезге дейін қаржылық ұйымдар да, қормен жұмыс істейтін компаниялар да қордың аудиторлық есебіне қатысты сауалдар қоймаған. Керісінше, жинаған қаржының 4,2% ғана жалақыға жұмсағандары үшін таң қалған. Оның айтуынша, халықаралық тәжірибеде қорлар жиналған қаржының 15-20% шығындарға жұмсайды. Дегенмен Asarume алда өз шығындарын қысқартудың жолын іздей бермек.

Қор басшысының сөзінше, халық арасында дүрбелең туындауына есепті дұрыс түсіндірмеу себеп болған. Кейбір азаматтар олардан есеп беріп, оны жария етуді талап еткен. Нұрмашев жыл сайын қор есебі жыл сайын жария болатынын. Тәуелсіз аудиторлық компания тексеру жұмыстарын жүргізіп, түскен ақшаны, жұмсалу жолын, тұрғын үйді сатып алуға қатысты құжаттарды, өзге жобалардың құжаттарын толығымен тексеріп, көмек алған халықтың жағдайы туралы ақпаратты толыққан алады. Кейін есеп барша халықтың назарына жария болады.

«Әрбір үйді сатып алған кезде, оның барлық құжаттары бар. Біз осы жылдар ішінде есеп беріп үйренгеніміз соншалық, апталық есеп беріп отырамыз. Қазір біздің қор көмегімен баспаналы болған азаматтар хабарласып, өзіміз видео түсіріп айтайық, 2020  жылы немесе 2019 жылы үй алып бергендеріңді дегендей ұсыныс айтып жатыр. Бірақ біз ол ұйымдастырылған кампания болғандай болмасын деп олай жасамауларын сұрап жатырмыз», – деді ол.

Қор басшысы қазіргі жасалып жатқан «ақпараттық шабуыл» тапсырыс секілді көрінетінін айтады. Себебі алдымен репутациясы таза емес адамдармен жұмыс істеді деп басталған айып кейіннен қаржылық есепке қатысты әңгімемен жалғасқан. Нұрмашев қордың репутациясы дұрыс емес адамдармен байланыспауға тырысатынын айтады.

«Бастапқыда бізге келген адамның аты таза емес екенін білсек, бірден бас тартамыз. Алайда кейде үш-төрт айдан кейін біліп жатамыз. Сосын мен екі-үш жыл бұрын суретке түскен азаматтарды алға тартып, олардың қазір істеп жатқан қателігін қорға таңуға тырысып келеді. Бұл мүлдем дұрыс емес деп ойлаймын», – деді ол.

Қор еріктілерінің бірі Салтанат Нүкенованың ісіне қатысты «өз өліміне өзі кінәлі» деген мағынада пікір білдірген. Қор басшысы бұған да түсініктеме беріп кетті. Айтуынша, Айтбек Амангелдіден кешірім сұраған. Бұл пікірді білдірген азаматтың қор қызметкері емес, бір өңірдегі еріктісі екенін де алға тартты.

«Айтбек Амангелдінің эмоциясын толыққанды түсінеміз. Қорда ерікті болып жүрген адамның мұндай пікір айтқаны үшін де кешірім сұраймыз. Бірақ біз ол еріктінің сөзімен мүлдем келіспейміз. Салтанат Нүкеновамен болған қайғылы жағдай біздің ортақ трагедиямыз», – деді ол.

Бұған қоса, қордың өз бейнежазбаларына 13 жасқа толған балаларды түсірмейтінін айтты. 2020 жылдан бері жасөспірімдерді булинг құрбаны етпес үшін эмоциясын көрсетпеу туралы шешім қабылдаған.

«Біз де қазір тарап жатқан тек бір ғана қыз баланың бейнежазбасы болды. Онда «100 шоколад сатылған жағдайда біз тағдырымыз өзгереді» деп айтқаны бар. Мақсат шоколад сату емес, мақсат түскен табысты қайырымдылыққа жұмсау», – деді қор басшысы. 

Осы дау басталғаннан кейін балаларды түсіруден түбегейлі бас тартуды ойлағанын атап өтті. 

Ол қордың артында қандай азаматтардың тұрғанын да айтып берді. Қорды алғашқы болып қолдаған қазір құрылтайшысы Әзімжан Алаевтың анасы болған. 

«Марқұм Жаһангер апа біздің қорға қолдау көрсетіп, жер учаскесін бөліп берген. Ол 100-200 теңгеден жинап аз қамтылған отбасыларға үй салып беруге болады деген идеяға сенді. Бізді бұрыннан білетін адамдар осы отбасының құрылтайшы екенін біледі», – деді ол. 

Сөзін қорытындылай келе Asarume басшысы алдағы уақытта қордың өз қаржылық есебін толыққанды түсіндіріп, қоғам назарына ұсынатынын атап өтті.

Айта кетейік, 10 қарашада Еркежан Шайх пен Айтбек Амангелді есімді блогерлер Asarume қорын «халық ақшасын ысырап етеді» деп айыптап, қаржы мониторинг агенттігін қор жұмысын тексеруге шақырған еді.

Сондай-ақ оқыңыз