Қыстық қалың киімнен құралған гардеробқа қанша теңге қажет?

Жарияланды 16 Қараша 2024 12:00

(жаңартылды 15 Қараша 2024 17:11)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Қыстық қалың киімнен құралған гардеробқа қанша теңге қажет? / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанның көп өңірінде қарашада қар жауып, қыстың лебі есе бастайды. Ал солтүстік өңірлерде бұл кезеңде ауа райы да борап тұрады. Алматы десеңіз, алғашқы қар түскеннен-ақ ең әуелі аяқты жылы ұстау керек екені бәріне белгілі. Биыл алғашқы қар жауып үлгерсе де, ауа райы әлі қуантып-ақ тұр. Сондықтан қысқа қамданып үлгермесеңіз, ештеңе етпейді. Бүгінгі материалымызда қыстық гардеробқа қанша кететінін есептеп көрдік. Сіз де бюджетіңізге қарай жылы киім алып үлгере аласыз.

Жоғарыда айтылғандай, елімізде қысқы маусым әр өңірде әртүрлі өтеді. Соған орай нақты бір қысқы гардероб құрастыру да қиындау. Мысалы, оңтүстік өңірлер өзге өңірлер сияқты қалың тон мен қыстық етік сатып алып іуре болмайды. Бұл өңір тұрғындары көбіне өзге өңірлерде күздік-көктемдік болып есептелетін киіммен қыстап шыға береді.

Ал өзге өңірлердің қысқа арналған гардеробында міндетті түрде ең әуелі термокиім болғаны жөн. Ересек ер адамның бір қысқа нелер алуы керек екенін есептеп көрейік.

Ересек ер адамның киімі

Термокиімнің бағасы әртүрлі, қалтаңызға қарай қамдана бересіз. Асты-үстін алсаңыз, орташа есеппен 10-15 мың теңгеге табуға болады. Термошұлық, болмаса қысқа арналған тоқылған қалың шұлықтың да кемі үш жұбын аласыз делік. Оны орташа есеппен 5-7 мың деп қойсақ болады. Негізгі жылу қабатын қамдап алған соң, үстінен түрлі әдемі киім киіп, қыстыгүнгі аязда да сәнді болып жүруге болады. Қыста алмастырып киюге екі қалың жемпір алу керек. Оған да орташа 25 мың теңге кетеді. Екі қалың шалбар, шығыны – 30 мың теңге. Аяқ киімді қалауыңызға, жағдайыңызға, денсаулығыңызға қарай таңдап алғаныңыз жөн. Бірақ сапасы жақсы, табаны таймайтын аяқ киімді орташа 20 мың теңгеге табуға болады. Аксессуарлар – образды толықтырып қана қоймай, қыста ауырып қалудан да сақтайды. Сондықтан шарф, бас киім, қолғап дегендерді де ескермей қойған қате болады. Оның бәріне 15 мың теңге қажет. Сырт киім – бір емес, бірнеше маусым киюге болатын киім. Сондықтан оны сатып алғанда да пішініне, үлгісіне мән берген дұрыс. Классикалық, базалық үлгі болса, келесі маусымда да қуана киесіз, тозып, сәннен қалды деп те алаңдамайсыз. Үлгісімен қатар, сапасы да сын көтеретін болғаны жақсы. Жылда жаңа киім іздеу де – артық уайым. Сол үшін мұндай ірі киімге бір рет шығындала салған дұрыс. Орташа сырт киімге 50-60 мың теңге бөліп қойыңыз.

Ересек ер адамдардың негізгі керек-жарағы осы, жалпы құны шамамен 150-170 мың теңге шықты. Алайда, айтып өткеніміздей, оңтүстікте тұратындар бұл сомадан термокиім мен қалың аксессуарларды алып тастаса да болады. Ал ендібіреулеріңіздің аталған тізімдегі тауарлардан былтырдан қалған жаңа киімдеріңіз де болуы мүмкін. Тағы біреуіңіз сапасы тіпті жақсысын, бағасы да қымбаттауын алғыңыз келуі де мүмкін. Сондықтан, талғамға талас жоқ, алайда шоппинг жасауды жоспарлап жүрсеңіз, қысқы гардероб үшін шамамен қанша теңге керек екенін біле жүріңіз.

Әйелдердің қысқы гардеробы

Әйелдерге де дәл солай. Алайда нарықта әйелдердің киіміне таңдау көп. Мұнда өте арзан бағаға да, өте қымбат бағаға да түрлі киім табуға болады. Сондықтан нақты бір бюджет ұсыну қиындау. Бірақ керек-жараққа келер болсақ, қысқы гардеробтағы база бірдей: термокиім, бірнеше әдемі жемпір, бірнеше белдемше, бірнеше қалың шалбар, сырт киім, аяқ киім, қалың аксессуарлар.

Әйелдердің базалық гардеробына да шамамен 150 мың теңге кетуі мүмкін.

Бірақ қыздардың да, жігіттердің де арасында түрлі образ құрастырып, қыстыгүні де сәнді болып жүргенді ұнататындар көп. Олар әдетте қысқа арналған бірнеше аяқ киім түрін, тіпті сырт киімнің де бірнеше үлгісін алып қойып жатады. Бұл да жақсы. Мұндай қысқы гардеробның құны да жоғары болады. Киіміңіздің құны қандай болса да, бастысы, ол сізге жылу сыйлап, ауру-сырқаудан сақтап тұрса болғаны. Ал оның үстінен сізге сенімділік беріп, сұлу етіп тұрса, тіпті керемет.

Сондай-ақ оқыңыз