Қырғызстанның Жоғарғы кеңесі депутаттарға қызметтік автокөліктерді қайтару туралы заң жобасын жабық режимде қайта қарайды.
24kg басылымының ақпаратына сүйенсек, депутаттар екі заң жобасын қарауды журналистерсіз және тікелей трансляциясыз қарауды жөн санаған. Жабық режимде қарау ұсынысын вице-спикер Нұрбек Сыдығалиев жасаған.
Бірінші заң жобасы – «Жоғарғы кеңестің мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы болмақ. Осы заң жобасы аясында депутаттар қызметтік көліктерін қайтарып алғысы келеді.
«Парламент депутаттары аталған өкілеттіктерді тиімді орындауы қажет. Сонымен қатар олар халықпен және билік тармақтарымен тығыз жұмыс істейді. Жоғарғы кеңес депутаттары іс-шараларға қатысуға, сондай-ақ сайлаушылар көтерген өңірлердегі проблемалармен танысуға тиіс. Осыған байланысты қызметтік автокөлікке қажеттілік туындайды және оны ұсыну тәртібін реттеу үшін осы заң жобасы әзірленді», — делінген заң жобасына анықтамада.
Айта кетейік, 19 қарашада ел президенті Садыр Жапаров депутаттардың қызметтік көліктерін қайтару туралы ұсынысқа қарсы шыққан.
Депутаттар жабық режимде қарайтын екінші заң жобасы – «Жоғарғы кеңесте заң шығаруға үлесі үшін» медалін бекітуі туралы болмақ. Бұл құжатта нақты қандай ұсыныстар бары белгісіз, себебі парламентарийлер заң жобасын жария етпеген.