Ұлттық қор қаржысы дағдарыс пен төтенше жағдайларға жұмсалмайды – Нұрлан Байбазаров
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ұлттық қор қаржысы дағдарыс кезінде және төтенше жағдайларға жұмсалмайды деп сендірді. Министрдің айтуынша, мұндай мақсатқа Үкімет резервіндегі қаржы жұмсалады.
Сенат кулуарында журналистер министрден «Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайы Ұлттық қор қаржысын тек дағдарыс кезінде алуға мүмкіндік бере ме» деп сұрады.
Нұрлан Байбазаров Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферттер – бюджеттің әлеуметтік блогын, ал нысаналы трансфеттер ірі инвест жобаларды қаржыландыруға жұмсалатанынын еске салып өтті. Мәселен, қазір Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансфет қаржысына ел аумағында «Жайлы мектептер» салынып жатыр.
«Біз төтенше жағдайлар мен дағдарыс кезінде Ұлттық қор қаржысын пайдаланбаймыз. Оған Үкімет резерві жұмсалады. Ұлттық қор қаржысы тек ұлттық деңгейдегі ірі жобаларға жұмсалады», – деді министр.
Нұрлан Байбазаров енді қордан нысаналы трансферт нақты бекітілген бюджет қағидалары негізінде алынатынын айтты. Қордан қаржыны оңды-солды ала беруге шектеу қойылмақ.
Айта кетейік, биыл бюджет тапшылығына байланысты Үкімет Ұлттық қордан нысаналы трансферт ретінде қосыша 2 трлн теңге шығартып алды. Осының нәтижесінде қордан алынған қаржы көлемі 5,6 трлн теңгені құрайды. Оның тек 2 трлн теңгесі – кепілдендірілген трансферт. Кепілді қаржы көлемі заңмен шектелсе, нысаналы трансфертке шектеу қойылмаған еді.
Сенат отырысында Байбазаров президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, нысаналы трансферттер көлемін шектеу мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті. Нақты шешім жақында қабылданбақ.