«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Соған сәйкес сот жүйесінде бірқатар реформа жүргізіледі. Бұл реформалар сот төрелігінің сапасын арттыруға, судьялардың кәсібилігін күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтық және қылмыстық істер бойынша дербес кассациялық соттар іске қосылады. Бұл соттарда алдын ала қарау кезеңі болмайды. Қазақстан азаматтары сот актілерін қайта қарау туралы кассациялық шағым береді. Шағымдарды қарау мерзімі алты айдан аспайды. Сот ісін жүргізудің барлық түрі бойынша кассациялық қадағалаудың бірыңғай ережесі қолданылады.
2027 жылдың 1 шілдесінен бастап талап қою сомасы 2 мың АЕК-тен төмен жеке тұлғалардың және талап қою сомасы 30 мың АЕК-тен төмен заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты даулар мен қылмыстық құқық бұзушылықтар және ұсақ қылмыстар бойынша шектеулер алынып тасталынады.
Әкімшілік істер бойынша сот актілері апелляциялық шағымнан кейін заңды күшіне енеді. Бұл өзгеріс сот шешімдерінің орындалуын жеделдете түседі.
2025 жылдың 1 наурызынан бастап талап қоюшының таңдауы бойынша әкімшілік істер бойынша эксаумақтық соттылық енгізіледі. Реформа азаматтардың сотқа қатысуын жеңілдетуге және мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруге бағытталған.
Заң жобасында Сот алқасының жұмысын жетілдіру, Сот төрелігін жүзеге асыру сапасы жөніндегі комиссия қызметін ұйымдастыру, судьялардың мәртебесін нығайту қарастырылған.