General Motors, Ford және Stellantis акцияларының құны Дональд Трамптың «Канада мен Мексикадан келетін барлық импортқа 25% баж салығын енгіземін» деген мәлімдемесінен кейін төмендей бастады.
Қандай қатер бар?
Сарапшылардың пікірінше, жаңа әкімшіліктің бұл әрекеті америкалық көліктерге деген сұранысты азайтады.
Wolfe Research сарапшысы Эммануэль Роснердың айтуынша екі ел жыл сайын АҚШ-қа 97 млрд долларға автокөлік бөлшектерін, сондай-ақ 4 млн дайын көлік жеткізеді.
Оның сөзінше, жаңа баж салығы жеңіл көліктерге сұранысты 1 млн бірлікке азайтуы мүмкін. Бұл биылғы жылы болжанған АҚШ-тағы жаңа автокөлік сатылымының шамамен 6%-ын құрайды.
General Motors акциялары сейсенбі, 26 қараша, күнгі сауда барысында 9%-ға төмендеді. Бұл олардың 2022 жылдың маусымынан бергі ең үлкен құлдырауы болды деп хабарлайды Bloomberg.
Нью-Йорк биржасындағы сауда барысында Stellantis акциялары 5,7%-ға, ал Форд 2,6%-ға арзандады.
Инвесторлар алаңдаулы
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, бұл елдер жаһандық автомобиль жеткізу тізбегі үшін маңызды сауда жолдары.
«Баж салығын енгізу америкалық көліктерге сұранысты төмендетуі мүмкін», – деп жазады The Wall Street Journal сарапшылары.
«Трамптың АҚШ, Канада және Мексика арасындағы қазіргі еркін сауда келісімі бойынша жаңа тарифтерді қалай енгізуді жоспарлап отырғаны белгісіз», – деп жазады Bloomberg.
Ал бұл келісім тікелей қатысушы елдер арасындағы қажетсіз баждар мен сауда кедергілерін жоюға бағытталған. Қосымша тарифтер автокөлік өндірісі шығындарының жоғарылауына әкелуі мүмкін.
«Бұл көлік бағасының қымбаттауына алып келеді», – деп хабарлады Bloomberg.
Wolfe Research мәліметтері бойынша, егер жаңа баждар енгізілсе, қазір шамамен 50 мың доллар тұратын жаңа көліктің орташа құны 3 мың долларға қымбаттайды.
Салықтан кім зардап шегеді?
2024 жылғы 26 қараша күнгі саудадағы автоөндірушілер акцияларының төмендеуі олардың импортқа тәуелділігін көрсетеді деп жазады Barron’s басылымы.
Stellantis (Jeep және Ram брендтері) және VW қазір Америка Құрама Штаттарында сатылатын көліктердің шамамен 40%-ын, GM шамамен 30%-ын және Ford 25%-ын сырттан импорттайды.
Bloomberg сарапшылары импорттық шығындардың жоғарылауы GM-нің пайда маржасын 2-3%-дық тармаққа, Stellantis – шамамен 2%-дық тармаққа, ал Фордты бір-екі пайыздық тармаққа қысқартуы мүмкін деп есептейді.
Жаңа тарифтерден ең аз зардап шегетін автоөндірушілердің қатарында Tesla бар. Оның барлық зауыты Америка Құрама Штаттарында орналасқан. Компанияның акциялары 26 қараша күнгі сауда-саттықты небәрі 0,1%-ға төмендеді.
Еске сала кетсек, АҚШ-тың жуырда сайланған президенті Дональд Трамп Мексика мен Канададан келетін тауарларға 25%, ал Қытайдан импортқа 10%-дық баж салығын енгізбек. Ол мұны заңсыз көші-қонмен байланыстырған еді.
Reuters жүргізген сауалнамада, сарапшылар 2025 жылы Трамп Қытайдан импортқа 40% баж енгізеді деп болжады. Мұндай салық Қытай экономикасының дамуын шамамен бір 1%-ға төмендетуі мүмкін.