Теңге құнсызданған жоқ, доллар нығайды – Ұлттық банк төрағасы
Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов соңғы күндері теңге құнсызданған жоқ, керісінше доллар нығайды деп тұжырымдайды. Өйткені ішкі нарықта теңгеге кері әсер ететіндей оқиға болмаған. Оған қоса бас банкир теңгенің одан әрі құнсыздануына себеп көріп отырған жоқ.
«Теңгенің одан әрі құлдырау қатері жоқ. Құлдырауы деген – бір күнде бағамының жартысына дейін жоғалту. Кейінгі 2 аптада доллар бағамы 485-489 теңге деңгейінде қалыптасты, ал кейінгі екі күнде 507-ге дейін жетті. Бұл – бар-жоғы екі-ақ пайыз құбылу. Тіпті құлдырау деп айтуға келмейді», – деді ол.
Сүлейменовтің айтуынша, қысқамерзімді экономмикалық индикатор да, инвестиция да өсіп жатыр, ішкі экономикадағы жағдай тұрақты.
«Доллар өзі нығаймаса, теңге бағамы бұлай құбылмас еді. Доллар/теңге жұбында доллардың өзі белгілі бір экономикалық және қаржылық шешімдердің қысымына ұшырайды. Бұл реттте АҚШ-тағы сайлауда Трамптың келуімен доллар бағамы теңге ғана емес, бүкіл валюталарға қатысты нығайды. Тіпті фунт, еуро сынды резевтік валюталарға қатысты нығайып жатыр», – деді банкир.
Сүлейменов доллардың ендігі бағамына Трамптың билікті қолына алып, қандай шешімдер шығаратыны, қандай экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыратыны әсер етеді дейді.
Сонымен қатар ҰБ басшысының өзі доллар қымбаттағалы бір теңгесін долларға ауыстырмағанын жеткізді. Валюта курсының 2-3% құбылуын қалыпты жағдай санайды.
27-28 қарашада биржадаға саудада доллар 513 теңгеден саудаланып барып, Ұлттық банктің аралfсуының арқасында, 29 қараша күні 507 теңгеге дейін түсті. Айырбастау пункттері долларды 522 теңгеден сатты.