Жаңалықтар

Жетісу облысындағы «Халықаралық көлік-логистика орталығы» стратегиялық маңызы бар нысандар қатарына енді

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Жетісу облысындағы Халықаралық көлік-логистика орталығы» мен шекарадағы көлік өткізу пункттері стратегиялық маңызы бар нысандар қатарына енді. Логистикалық орталық аумағына «Нұр жолы» автомобиль өткізу пункті жақын орналасқан.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің мақұлдауымен 2017 жылы қабылданған «Иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекеттік меншіктегі және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбелерін бекіту туралы» қаулыға өзгеріс енген.

Соған сәйкес, мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу пункттері мен Жетісу облысындағы «Халықаралық көлік-логистикалық орталығы» стратегиялық маңызы бар нысандар қатарына енді. Заңға сәйкес, стратегиялық маңызы бар нысандарды сатуға, жекенің қолына беруге тыйым салынған.

«Халықаралық көлік-логистикалық орталығы (бұдан әрі – ХКЛО)   Қытай Халық Республикасымен шекара арқылы «Нұр Жолы» халықаралық өткізу пунктінің аумағына жақын шекаралық белдеуде  орналасқандықтан,  елдің ұлттық қауіпсіздігінің жағдайына айтарлықтай әсер етеді», – делінген түсіндірме жазбада.

Стратегиялық нысан ретінде танылған логистикалық орталықта тауарларды қайта тиеу қоймасы, 3 жер учаскесі, бастырма, қойма, бақылау-өткізу пунктінің бекеті бар.

Қазір көлік-логистика орталығы «Nur Zholy Customs Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Аталмыш компания Қаржы министрлігіне бағынады. «Nur Zholy Customs Service» – 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет меншігіне қайтарылған компанияның бірі.