Жаңалықтар

«ҚазТрансОйл» компаниясы директорлар кеңесінің құрамына жылына 24 млн теңге сыйақы төленбек

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«ҚазТрансОйл» АҚ акционерлері компания директорлар кеңесінің құрамы мен олардың бесеуіне төленетін жылдық сыйақы мөлшерлемесін бекітті. Қазақстан қор биржасындағы хабарламаға сәйкес, директорлар кеңесі 7 адамнан тұрады. Олардың ішінде бесеуіне жылына 24 млн теңгеден сыйақы төлеу жайында шешім қабылданған.

Бұл – салық пен басқа да міндетті төлемдер ұсталған соң төленетін сома. Директорлар кеңесінің төрағасы болып Болат Зәкіров сайланды. Компания директорлар кеңесі құрамында 3 жылдық мерзімге:

  • Болат Зәкіров – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілі;
  • Әмір Бозжігітов – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілі;
  • Ардақ Қасымбек – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілі;
  • Арман Қасенов – «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы);
  • Нұрлан Аханзарипов – тәуелсіз директор;
  • Қайнар Қожымов – тәуелсіз директор;
  • Қазбек Құсайынов – тәуелсіз директор ретінде енді.

Соның ішінде Әмір Бозжігітов, Ардақ Қасымбек, Нұрлан Аханзарипов, Қайнар Қожымов пен Қазбек Құсайыновқа жылына 24 млн теңге сыйақы төленбек. Ал директорлар кеңесінің төрағасы мен басқарма төрағасы бұл тізімде жоқ.

Одан бөлек, бесеуіне «ҚазТрансОйл» директорлар кеңесінің әр отырысына қатысқаны үшін 240 мың теңге қарастырылған.

«ҚазТрансОйл» компаниясы – Қазақстандағы магистральді мұнай құбыры операторы. 2024 жылдың 6 айында 23 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе артық.

ҚТО 2001 жылы Үкімет қаулысымен құрылды. 10% акциясы «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында сатылды. Олар миноритарлық акционерлерге тиесілі. ҚТО-ның негізгі акционері (90%) «ҚазМұнайГаз».