Тоқаевтың тапсырмасынан кейін, Алматы облысында Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш-бюст ашылды

Жарияланды 2 Желтоқсан 2024 13:00

(жаңартылды 2 Желтоқсан 2024 14:26)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Кегенде Тоқаев тапсырмасымен Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш-бюст ашылды
Кегенде Тоқаев тапсырмасымен Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш-бюст ашылды /Фото кадр: Арманжан Байтасовтың YouTube-арнасы, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысы Кеген ауылының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш-бюст қойылды. Ескерткіш қою туралы бастаманы 2024 жылдың қаңтар айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген. Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, Кеген ауылындағы Өнер мектебіне Нұрқаділовтің есімі берілген. Ескерткіш осы Өнер мектебінің алдына қойылған. 

«Ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосты. Осындай тұлғалардың еңбегін ұрпаққа мұра ету – біздің ортақ парызымыз. Биіктігі 4,5 метр болатын бұл туындының авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметовке алғысымызды білдіреміз», — деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

Кегенде Тоқаев тапсырмасымен Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш-бюст ашылды
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Әкімдік ақпаратына сүйенсек, Нұрқаділовтің есімі берілген мектепте 890 оқушы білім алады.

Айта кетейік, қаңтар айында Қасым-Жомарт Тоқаев Кегенде Нұрқаділовке ескерткіш қою туралы тапсырма берген. Бұған қоса, Алматы қаласындағы тұрған үйіне ескерткіш тақтасын орнатуды ұсынған.

Заманбек Нұрқаділов осы Кеген ауданының тумасы. 90-шы жылдары саясатқа араласып, Нұрсұлтан Назарбаевтың тағайындауымен Астана және Алматы қалаларын басқарған. Алайда 2000-шы жылдары оппозицияға кеткен. 2005 жылы оның өз үйінен денесі табылған. Ресми дерек бойынша оқиға суицид деп танылған.

Сондай-ақ оқыңыз