АҚШ-тағы сайлаудан кейін Илон Масктың саяси ықпалы ерекше артты. Бұл жағдай оның бизнес саласындағы бәсекелестерін алаңдата бастады деп жазды The Wall Street Journal. Басылым Дональд Трамптың жақын серігіне айналған Маск ендігі жерде өз компанияларының ғана емес, бәсекелестерінің компанияларын да уысында ұстайтынын атап өтті.
Facebook (Meta Platforms иесі) пен Google (Alphabet) компанияларының басшылары Илон Маск өз компанияларына қатысты агрессивті реттеу шараларын, мысалы, антимонополиялық заңнаманы ұсынуы мүмкін деп алаңдаулы.
Автомобиль өнеркәсібіндегі сарапшылар да АҚШ-тың жаңа әкімшілігі Tesla-ның бизнесін қолдайтынына сенімді. Маск Трамптың электрмобильдер сатып алуға арналған жеңілдіктерді жою бастамасын қолдайтынын мәлімдеген еді. «Бұл қадам Tesla-ға аздап зиян келтірсе де, бәсекелестер үшін мұның салдары тіпті жойқын болмақ» деп жазды басылым.
Масктың космостық компаниясы SpaceX-тің бәсекелестері де алаңдаулы. Оның ішінде Boeing компаниясы да бар. Олар SpaceX Канаверал мүйісі мен Кеннеди ғарыш орталығынан ұшырулар жүргізуге көп рұқсат алуы мүмкін екенін алға тартты. Бұл бәсекелестердің аталған алаңдарды пайдалану мүмкіндіктерін шектейді.
Инаугурацияға жақындаған сайын Масктың бәсекелестері Трамппен байланысы бар лоббистерді жұмысқа алуға асығып жатыр. Олар сөйтіп Трамптың айналасына жол табуға тырысып көрмек.
Илон Масктің бәсекелестері кімдер?
– OpenAI басшысы Сэм Альтман. Басылымның жазуынша, Маск Альтманды «жек көреді». Бірақ екеуі 2015 жылы OpenAI компаниясын бірге құрған. Маск алдағы уақытта OpenAI-ға қарсы сот ісін қайта көтермек. Ол бұл компания Microsoft-пен монополиялық келісім жасады деп айыптаған.
– Microsoft-тың негізін қалаушы Билл Гейтс. Маск Гейтсті Tesla акцияларын шортқа қойып, пайда табуға тырысқаны үшін «жақтырмайды». 2022 жылы Гейтс Tesla акцияларының құны төмендейді деп болжаған. Бірақ қателесіп, 1,5 млрд доллар жоғалтқан. Маск осы оқиғадан кейін Гейтспен қайырымдылық жобаларында бірге жұмыс істеуден бас тартқан.
– Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безос. Маск пен Безос Forbes миллиардерлер тізімінде бірінші орын үшін өзара бәсекелес болған, сондай-ақ ғарыштық келісімдер үшін өзара күрескен. 2024 жылы Blue Origin компаниясы SpaceX-ке қарсы Федералды авиация басқармасына шағымданды.
– Meta-ның негізін қалаушы Марк Цукерберг. Маск Цукербергпен X әлеуметтік желісіне қарсы конкурсы үшін келіспей, оны октагонға шайқасқа шақырған. Бірнеше айлық әзіл мен әңгімелерден кейін, шайқас идеясы аяқталған секілді.
– Disney басшысы Боб Айгер. Маск 2023 жылы Disney компаниясының X желісіндегі жарнамаларын тоқтатуына қарсы болды. Сондықтан X компаниясы жарнама берушілерді сотқа берді.
Сайлаудан кейін Маск Трамп әкімшілігіндегі жұмысынан кейін көптеген жаңа қарсыластар «табылатынын» мәлімдеді. Миллиардер WSJ сұрағына жауап бермегенімен, әлеуметтік желіде Трамптан ешқандай көмек сұрамағанын және ұсыныс алмағанын мәлімдеген. Трамптың баспасөз хатшысы болса, Трамп барлық америкалыққа, тіпті оған дауыс бермегендерге де қызмет ететінін айтты.