Halyk bank жасыл облигацияларын сату арқылы нарықтан 20 млрд теңге тартты

Жарияланды
Halyk bank 20 млрд теңгеге жасыл облигациялар сатты / Фото: shutterstock, коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Halyk bank жасыл қаржыландыру бойынша нарықтан 20 млрд теңге қарыз алды. Қазақстан қор биржасында «Қазақстан Халық Банкінің» жасыл облигацияларын шығару бойынша арнайы сауда өтті. Сауда ұйымдастырушысы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның еншілес ұйымы – HaLyk Finance

Жалпы көлемі 20 млрд теңге болатын құнды қағаздар 1,25% жылдық мөлшерлемемен сатылымға шығарылды. Облигациялардың 12,5%-ын брокерлік ұйымдар, 87,5%-ын басқа институционалдық инвесторлар сатып алды.

Қазақстан қор биржасындағы дерек бойынша, облигациялар бір лотпен шығарылды, саудаға қатысушылар саны – үшеу.

Бұған дейін Қазақстан биржаларындағы ең өтімді деген акциялар тізімі жарияланған еді. Осы жылдың қазан айының қорытындысы бойынша, Halyk bank акциялары 1,429 млн теңгеге саудаланып, алғашқы ондыққа кірді.

Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, биыл алғашқы 9 айда Halyk bank – 599,9 млрд теңге таза пайда тапқан. Ал банктің балансындағы актив – 17 трлн теңге.

1 қазандағы дерек бойынша, Halyk Bank қарапайым акцияларының басым бөлігі, яғни 69,54%-ы ALMEX холдингтік тобына тиесілі. Ал қалған 28,41%-ын The Bank of New York ұстайды. Мұндағы ALMEX холдингтік тобын ерлі-зайыпты Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева бақылайды.

Бірақ жағдай өзгеруі мүмкін. 9 желтоқсанда банк акционерлері кезектен тыс жиналысын өткізеді. Ол жерде банктегі құнды қағаздарды орналастыру ретін, саны мен мерзімі анықталады.  Егер орналастырылатын акцияларды бұрынғы акционерлер емес жаңа инвесторлар сатып алса, банктегі ALMEX холдингтер тобы, яғни Тимур мен Динара Құлыбаевтар үлесі қысқаруы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз