Жаңалықтар

Қазақстандықтар жасанды интеллектіні тегін үйрене алады

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жасы 18-ден асқан кез келген азаматтың жасанды интеллектіні тегін үйренуге мүмкіндігі бар. Astana Hub технопарк базасындағы Tomorrow School оқудың үшінші тобына іріктеу бастады.

Tomorrow School – Қазақстанда ЖИ-ді peer-to-peer әдісімен оқытатын бірінші мектеп. Яғни студенттер мұғалімсіз, сабақ кестесінсіз өзара бір-бірінен тәжірибе алмасып оқиды.

ЖИ-ді оқуға тіркеу 4 желтоқсанда басталып, келесі жылдың 17 қаңтарына дейін жалғасады. Үміткерлер арнайы ойыннан өтіп, жоғары ұпай жинау керек.

 Tomorrow School  ұсынған платформа бағдарламалаудан арнайы білім болуын талап етпейді. Курста ЖИ-инженерия, бағдарламалық жасақтама әзірлеу, ойын құрастыру, киберқауіпсіздік деген салаларды үйренуге болады. Оқу Астанадағы Astana Hub технопаркінің базасында өтеді, студенттер үшін арнайы iMac компьютерлері дайындалған.

Осыған дейін Microsoft компаниясы ЖИ ең көп қолданатын мамандық иелері туралы зерттеу жүргізген еді. Олардың ішіндегі алғашқы бестікке киберқауіпсіздік, сату, бизнес дамыту, маркетинг және коммуникация қызметтері кіреді.