Оқушыларды орамалмен мектепке жіберу мәселесі Жоғарғы сотта қаралды. Осы жолы Жоғарғы сот мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімін бұзды.
Сот органы білім алу Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі Конституциялық құқығы деп есептейді. Сондықтан баласын орамал үшін мектепке жібермеу заңсыз деп санайтын ата-ананың аппеляциялық шағымын мақұлдады.
Бірақ Жоғарғы сот бұған қатысты нақты шешім шығаратын ведомство – салалық министрліктің өзі деген қорытынды жасаған.
«Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына талаптарды бекіту жөніндегі өкілеттіктерге бейінді министрлік ие екенін атап өтеміз. Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылмады және жойылған жоқ», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Жоғарғы сот ата-ананың мектеп формасы бойынша талапты сақтауы керек екенін ескерткен.
«Атырау, Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстарының соттары оқушыларды оқу процесіне жібермеу бойынша істерді қарау кезінде осындай қорытындыға келді. Бұл өңірлердің сот актілері заңды күшіне енген жоқ», – деп мәлімдеді сот.
Бұған дейін Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соты баласының орамалына мектепте тыйым салуға қарсы болған ата-ана шағымын қарап, мақұлдамаған еді. Қалалық сот зайырлылық талабы бойынша білім алушылар бірыңғай киім үлгісін сақтау керек деген шешім шығарған.