Жаңалықтар

Қазақстан Германияға жіберетін мұнай көлемін арттырды

Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан 2024 жылдың 11 айында Германияға 1,36 млн тонна мұнай жіберген. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 515 мың тоннаға артық. «ҚазТрансОйл» Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес, жыл соңына дейін тағы 130 мың тонна мұнай жібермек. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланған есебінен белгілі болды.

Бұл мұнай Германияға «Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбыры және одан әрі «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы жеткізіледі.

Мұнай экспортынан екінші орында – «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағыты тұр. Осы жылдың 11 айында бұл бағытпен 1,34 млн қазақстандық мұнай тасымалданған.

Ал Ақтау-Махачкала порты бағыты бойынша 1,77 млн тонна қазақстандық мұнай жөнелтілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен аз, 2023 жылы қаңтар-қараша аралығында 1,82 млн тонна мұнай тасымалданған еді. Дегенмен жыл соңына дейін әлі  186 мың тонна мұнай жіберу жоспарда бар.  

«ҚазТрансОйл» мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнай ғана емес, ресейлік қара алтын да жіберіледі. Биыл Қытай Халық Республикасына транзитпен 9,12 млн тонна ресейлік мұнай жөнелтілген. Жыл соңына дейін әлі 862 мың тонна шикізат жіберу керек.

Сондай-ақ Өзбекстанға транзитпен 225 мың тонна ресейлік мұнай тасымалданды. Былтыр бұл көрсеткіш 129 мың тонна болған еді.

ҚТО – қазақстандық мұнай құбыры операторы. Компанияның негізгі акционері – «ҚазМұнайГаз» АҚ. Соңғы жылдары кәсіпорынның кірісі жақсы деңгейде. Биыл қаңтар-маусым айларында компанияның таза пайдасы 23 млрд теңгеге жетті. 2023 жылы таза пайдасы 18 млрд теңгені құраған.