Tele2-нің қатарлық инвесторға сатылуы «Қазақтелеком» компаниясының болашағына қалай әсер етеді?
Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS) «Қазақтелекомның» болашағына алаңдап отыр. Өйткені Tele2/Altel байланыс операторын қатарлық инвесторға сату ісі ұзап барады. Ал табысты еншілес ұйымынан айырылуы «Қазақтелеком» компаниясының пайдасына кері әсер етуі мүмкін.
Cол себепті қауымдастық «Қазақтелеком» компаниясының бас директоры Бағдат Мусинге бірқатар сауал жолдаған. Жеке инвесторлар «Mобайл Телеком Сервис» (Tele2/Altel) компаниясын Қатар инвесторына сату келісімі нақты қашан аяқталатынын білгісі келеді. Сонымен қатар байланыс операторын сатудан түскен табыс қалай бөлінеді деген сауал тастаған.
Мусин KURSIV ECOSYSTEMS форумы барысында негізгі келісім жасалып қойғанын, мәміле ары кетсе, 2025 жылдың ақпанында аяқталады деп сенім білдірген.
«Екінші тарап шетелдік инвестор болғандықтан, ортада рәсімделуі керек құжаттар бар. Біз барлық мүдде сақталатын және тиісті төлемдер жасалатын өзара тиімді бағыттарды іздейміз. Сондықтан мерзімін айтар болсам, жыл соңына дейін мәміле аяқталады деп ойлаймын. Бірақ ол келесі жылға созылса да, менің ойымша, бұл қаңтар мен ақпаннан ары бармайды. Келісім бірінші тоқсанның соңына дейін аяқталады», – деді «Қазақтелеком» басқарма төрағасы.
Tele2 мен Altel байланыс операторын Қатардың Power International Holding компаниясына сату жөніндегі мәміленің аяқталу мерзімі 2024 жылдың қыркүйегінен шамамен бір жылға шегерілген болатын. Бұл оператор «Қазақтелекомның» негізгі бизнес бағыты және 5G жиіліктеріне лицензия алған.
Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев операторға иелік ететін «Мобайл Телеком Сервис» компаниясы 1 млрд долларға бағаланғанын айтты. Ал компанияға иелік еткен «Қазақтелеком» АҚ-ның қаржы есебінде Tele2/Altel-ді сатудан 536 млрд теңге алу жоспарланғаны жазылған.
Halyk Finance сарапшылары «Қазақтелекомның» негізгі еншілес ұйымын сату оның табыстылығын төмендетеді деген пікір білдірген. Өйткені компания табысының үштен бір бөлігіне жуығы осы байланыс операторының қызметінен түсіп отырған.