Бюджет тапшылығы жыл сайын тереңдеп барады: 2025 жылы ел қазынасына қанша кіріс түспек?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.mediа

Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, 2025 жылы ел бюджетінің кірісі 21,4 трлн теңге, ал шығыны 25,2 трлн теңге болады деп жоспарланған. Яғни келер жылы да қазынаның шығыны кірісінен 4,1 трлн теңге асып түседі.

Қаржы министрлігі «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңын, соның ішінде 2025 жылдың бюджетін жүзеге асыру туралы қаулыны жариялады. Премьер-министр Олжас Бектеновтің қолы қойылған құжат 2025 жылдың 1 қаңтарына күшіне енбек.

Үкімет жоспары бойынша, бюджетке 2025 жылы 15,2 трлн теңгесі салық түсуі тиіс. Ал салықтық емес түсімдер көлемі 435 млрд теңге деп жоспарланған. Негізгі капиталды сатудан 5,2 млрд теңге түспек. Ұлттық қордан 5,5 трлн теңге қаржы алу қарастырылған.

Бюжет шығыны қанша?

Қазақстан бюджетінің шығыны жылдан-жылға артып барады. Мәселен, биыл бюджеттің кірісі -20,2 трлн теңге болса, шығыны – 23,3 трлн теңге. Қазынадағы қаржы тапшылығы 3 трлн теңгені құрайды.

Ал 2025 жылы бюджет шығыны 25 трлн теңгеден асады. Қазынаға түсетін қаржы шығатын шығыннан 4,1 трлн теңге кем. Бұл жалпы ішкі өнімнің 2,7%-ын құрауы тиіс. Бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы 10,9 трлн теңгеге жетеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға 4 желтоқсанда қол қойған.

Сондай-ақ оқыңыз