Желтоқсан айында бірнеше қызықты кинопремьера шығады. Kursiv LifeStyle солардың топтамасын назаларыңызға ұсынады.
«Сен маған керексің»
12 желтоқсан күні көрерменге жол тартқан бұл туынды – ерекше қабілетке ие қарапайым электрик Бөлекбайдың тағдыры туралы драма. Жұмыс кезінде найзағайдың әсерінен Бөлекбай магниттік қабілетке ие болады. Алғашында ол қабілетті көңіл көтеру мен жеке мақсаттарына пайдаланса, кейіннен мемлекеттік құрылымдардың назарына ілігеді. Бірақ ерекше қабілет оны қауіпті саяси ойынның құрбаны етеді.
«Әнел»
Қазақ киноиндустриясында көп түсіріле бермейтін хорор жанрындағы туынды. Отбасылық құпиялар мен ананың баласын қорғайтыны туралы психологиялық драма. Басты кейіпкер Әнел өзінің 12 жасар қызына төніп тұрған тылсым қауіптің белгілерін байқайды, бірақ отбасы оған сенбейді. Фильмде ананың шексіз махаббаты мен отбасындағы күрделі қарым-қатынастар көрініс табады.
«Қазақ әлемі»
Нұрлан Қоянбаев түсірген жаңа комедия 19 желтоқсан күні көрермендерге жол тартады. Фильмде Бейбіт пен Ермек есімді екі дос ауылдан Алматыға арман қуып келеді. Бейбіт сүйіктісі Мадинаға өз сезімін дәлелдеу үшін белгілі продюсер Нұрлан Қоянбаевтың мобилографы болуға тырысып, артынан жүгіреді. Фильм достық, арман және шынайы құндылықтардың маңыздылығын көрсетеді.
«Жауап бер»
Баян Алагөзованың жаңа фильмі қоғамда тағы бір мәселені көтермек. Бұл – сот залында өтетін әйелдердің тағдыры туралы психологиялық драма. Негізгі оқиға күйеуін өлтірді деп айыпталған Диана мен оның ісіне қатысушы бес әйелдің қарым-қатынасы, жеке құпиялары жайында. Фильм абьюз, шындық және еркіндік тақырыптарын қозғайды.
«Муфаса: Арыстан патша»
Қазақ тіліне дубляждалған әлемдік мультфильмдерге соңғы уақытта сұраныс артып келеді. Әйгілі «Арыстан патша» фильмінің жалғасы. Бұл жолы Симба әкесі Муфасаның, тарихындағы құпияларды ашуға тырысады. Фильм отбасылық мұра, патша болудың мағынасы және ата баба мен өзін-өзі тану туралы танымдық мультфильм.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Моана 2» «Ойжұмбақтан» асып түсіп, қазақ тіліне дубляждалған фильмдердің арасында ең табысты жоба атанған еді.