Банк пен қаржы

S&P агенттігі қазақстандық 7 банктің рейтингін көтерді

Фридом акциялары биржада 1,5%-ға өсті/Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

S&P Global Rating агенттігі елдің банк секторына талдау жүргізіп, тұрақты дамып келеді деген байлам жасады. Осылайша елдегі бірнеше банк рейтингі көтерілді. Бұл туралы  агенттік есебінде жазылған.

 «Соңғы жылдары аймақтағы геосаяси жағдай шиеленіскеніне қарамастан, Қазақстандағы банк секторы макроэкономикалық тәуекелдерге тұрақтылық танытып келеді. Ал банк жүйесіндегі қаржылай көрсеткіштер мен актив сапасы біз ойлағаннан да жоғары болып шықты», – деп жазылған рейтинг ұйымы таратқан құжатта.

Осыған байланысты S&P елдегі жеті банк рейтингін көтеріп, тағы төрт қаржы ұйымының несиелік деңгейін нақтылады. Нақтырақ айтқанда, «Халық Банк Қазақстан» АҚ-ның ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді рейтингін «ВВ+/В» деңгейден «ВВВ-/А-3» деңгейіне, сондай-ақ ұлттық шкала бойынша банк рейтингі «kzAAA» деңгейіне көтерілді.

«Kaspi Bank» АҚ-ның ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттік рейтингін «ВВ+/В» және ұлттық шкала бойынша рейтингті «kzAA+» деңгейінде қалдырды.

«БанкЦентрКредит» АҚ-ның ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін «ВВ», кредиттік рейтингін «В», ал «Нұрбанк» АҚ-ның ұзақ және қысқа мерзімді кредиттік рейтингін «В» деңгейінде бекітті.

Еске салайық, қаржы ұйымы Freedom компаниялар тобының ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін «В» деңгейінен «В+» деңгейіне дейін көтерді. Қысқамерзімді несиелік рейтингін «В» деңгейінде нақтылады.

Бұған дейін халықаралық Moody’s агенттігі де қазақстандық банктердің кредиттік рейтингін көтерген еді.  Олардың қатарында Даму банкі мен Отбасы банк, БЦК, Halyk bank, Bank RBK, ForteBank, Jusan Bank бар.

2024 жылдың 9 айында отандық банктердің таза пайдасы – 1,85 трлн теңгені құрады . Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, ол табыстың 1,35 трлн теңгесі – ірі 5 банкке тиесілі.