Жаңалықтар

Башар Асад Сирия орталық банкінен Ресейге ұшақпен екі тонна қолма-қол ақша жеткізген – Financial Times

Башар Асад Ресейге екі тонна қолма-қол ақша жеткізген
Башар Асад Ресейге екі тонна қолма-қол ақша жеткізген / Фото: ТАСС

Сирияның биліктен айырылған президенті Башар Асад 2018-2019 жылдары елден 250 млн долларға дейін қолма-қол ақшаны Ресейге ұшақпен жіберіп, ресейлік бантерге салған. Бұл туралы Financial Times басылымы жазды.

Басылымның ақпаратына сүйенсек, Асад ақшаны Сирияның Орталық банкінен 2018 жылдың наурызынан 2019 жылдың қыркүйегіне дейін жіберіп отырған.

Мәскеудегі Внуково әуежайына жалпы салмағы екі тоннаға жуық 100 доллар және 500 еуро банкноттары жеткізілген. 1 жарым жыл ішінде Сириядан Мәскеуге 21 рейс жасалған.

Басылым жазуынша, 2018-2019 жылдары Мәскеуге жеткізілген ақша «Ресей қаржы корпорациясына» және ЦМР банкіне жіберілген. Екі банктің де ресми құжаттарында Сириядан немесе басқа шетелдерден қолма-қол ақша алғаны туралы деректер жария етілмеген. Бұл екі банкте қазір АҚШ санкцияларына іліккен. Кедендік деректерге сәйкес, 2018 жылға дейін Сирия Орталық банкі Ресей банктеріне ақша жібермеген.

Басылымның Сирия Орталық банкінің мәліметтерімен таныс дереккөзі 2018 жылы бұл елдің валюталық резерві «нөлге жақындағанын» атап өткен. Санкцияларға байланысты Сирияның Орталық Банкі Ресейден бидай сатып алу, ақшаны басып шығару қызметтерін, сондай-ақ «қорғаныс» шығындарын төлеу үшін қолма-қол ақша төлеуге мәжбүр болған. 

Ақпаратқа сәйкес, ұшақпен жеткен ақша Сирияның шығындарын ғана өтеп қоймаған. Оның қомақты бөлігі Асад әулетінің Ресейден жылжымайтын мүлік немесе активтер сатып алуына тиесілі.

Биліктен айырылған Башар Асад Ресейге қашып келгеннен кейін алғашқы рет мәлімдеме жасады. Онда өзінің елден қалай кеткені туралы жазған. Алдымен Дамаскіде болып, кейін оны наразы топ басып алғанда Латакияға кетуге мәжбүр болған. Алайда Латакиядағы Сирия әскері қорғаныс базасын тастап кеткеннен кейін Асадты Ресей әскері Мәскеуге алып кеткен. 

Бұған қоса, өзінің басшылықтан кетуі туралы «билік террористердің қолына өткенде ешқандай қызметтің маңызы болмай қалатынын» жеткізген.

Айта кетейік, осыған дейін Башар Асад әулетінің Ресейдегі мүлкі туралы жазған едік