Микроқаржы ұйымының клиенттеріне тегін көмек көрсететін омбудсман институты құрылды

Жарияланды (жаңартылды )
микроқаржы
Микроқаржы ұйымы клиенттеріне тегін көмек беріледі /Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Осы жылдан бастап Қазақстанда микроқаржы омбудсманы институты жұмыс істейді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлайды.

Омбудсман микроқаржы ұйымдарының клиенттері, яғни жеке тұлғаларға көмек беру үшін құрылады. Қызметі тегін.

«Микроқаржы омбудсманы қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелерді қарайды. Омбудсман тәуелсіз төреші ретінде әрекет етіп, дауларды сотқа жүгінбей шешуге ықпал етеді»,- деп жазылған агенттік хабарламасында

Назар аударатын нәрсе, омбудсман қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы немесе қарыз алушы орындауы тиіс және омбудсманның шешімі 30 күн ішінде орындалуы керек. Бірақ микроқаржы омбудсманы сотқа жолданған істер немесе заңды күшіне енген сот актілерін қарастыруға құзыреті жоқ.

«Микроқаржы омбудсманының қызметі микрокредит беру нарығын құқықтық алаңда дамытуға ықпал етеді. Бұл институт микроқаржылық ұйымдарды заңнаманы сақтауға және қызмет көрсетудің озық тәжірибелерін енгізуге ынталандырады», – дейді агенттік мамандары.

Айта кетейік, елімізде банк және сақтандыру омбудсмандары жұмыс істейді. Ал микроқаржы омбудсманы 2024 жылдың 21 желтоқсанынан бастап іске кіріседі.

Елімізде 220-ға жуық микроқаржы ұйымы жұмыс істейді. Ұлттық банк статистикасына сүйенсек, олар 2024 жылдың 9 айында 72 млрд теңге пайда тапқан. Жалпы таза табыстың басым бөлігі ірі 20 ұйымға тиесілі. Былтыр клиенттерінің жеке мәліметін таратып жіберді деп айып таққан «Робокэш.кз» 10 млрд теңге таза пайда алған.

Ал халықтың МҚҰ-дан алған борышы 1,2 трлн теңге көлемінде. Табысы жоғары МҚҰ-лар онлайн шағын несие берумен айналысатындықтан, қазақстандықтар арасында жылдам несиеге сұраныс жоғары болып тұр.

Сондай-ақ оқыңыз